Бүгін ел руханияты мен сөз өнері тағы бір абыз тұлғасынан айырылды. 81 жасқа қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын, қоғам қайраткері Темірхан Медетбек дүниеден озды. «Ол – ойын бүкпесіз айтып, шындықты шымбайға батырмай жеткізетін қаламгер. Мірдің оғындай мірлі сөздерімен талғампаз оқырманын ойландыра білетін сирек дарын еді»,- дейді қаламгер достары мен шәкірттері. «Көк түріктер сарынымен» қазақ поэзиясында тыңнан түрен салған ақын ұлт рухының айнасы, елдік пен еркіндіктің жыршысы болды.
Оның өлең жазудағы жолы, стилі, мінезі тым бөлек. Пікірі өткір, өжет те өршіл. Жыр шумақтары жасанды бояудан ада, шынайылығымен баурайды. Артық сипат, асыра әуез іздемейді, ақиқатты анық жеткізеді. Қоғамның өзегін жарып шыққан, өмірдің өзіндей отты өлеңдері – шындықтың жаршысы.
Ұлықбек Есдәулет, Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Бала кезімізден оқыдық, атын естідік, ешкімге, ешбір өлеңге ұқсамайтын өлеңдері, ешкімге ұқсамайтын қолтаңба, өзінің дүниеге көзқарасы, дүниетанымы бөлекше ақын болатұғын.
Қарымды қаламгер сұм соғыс аяқталар тұста – 1945 жылдың 6 наурызында Түркістан облысында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институты филология факультетінде оқыған. Әр жылдары радио мен телеарнада, түрлі газет-журналда, шығармашылық ұйымдарда қызмет етті. Алғашқы жыр жинағы «Жанымның жас құрағы» деген атпен 1970 жылы жарық көрді. Қаламгердің «Тағдырлы жылдар жырлары», «Көгершін қауырсындары», «Көк түріктер сарыны» сынды жыр жинақтары қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Ал «Күлтегін», «Тоныкөк», «Махамбет рухының монологы» атты дастандары көне түркілік сарын мен бүгінгі заманның үнін тоғыстырған тың туындыларға айналды.
Маралтай Райымбекұлы, ақын:
«Көк түріктер сарыны» дейтін кәдімгідей алапат, жанартау сияқты құбылыстарды суреттейтін, гиперболалық құбылыс блатын. Темірхан аға адалдығы, тазалығы, мәрттігі, бәрі тоғысып келіп, баяғы жыраулар – Махамбет, Досманбет, Қазтуған – солардың болмысы, бүгінге жеткен асыл тұяғы сияқты көрінетін.
Темірхан Медетбек тек әдебиеттің ғана емес, ұлт руханиятының абызы болды. Тіл мен діл, дін мен сана, ұлттық болмыс жайлы терең ойлар қозғады. Қоғамның жанайқайын жеткізіп, ұлттық мүдде үшін сөз сөйледі. Қаламгерлер тілімен айтсақ, Темірхан Медетбектің сөзі – ұлт рухының үні, қаламы – шындықтың шырағы. Ол қасиетті қаруын демі таусылғанша серік етті.
Темірхан Медетбек, Ақын, Қазақстанның халық жазушысы:
Менің әлі күнге дейін қаламым қолымнан түскен жоқ. Бірақ керемет Алатауды айырып, Қаратауды қайырып жібердім деп айта алмаймын. Күш қайтады, ол – өмірдің заңы.
Темірханның өлеңдері – қазақ халқының намысы, жiгерi, қайтпас қайсарлығы. Ақын: «Сестi рухты естi жүрек билеу керек. Сонда ғана ол нағыз ұлттық рухқа айналады» - деп ой тербейтін. Ол әдебиетті шын сүйді, әдебиетке адал болды.
Темірхан Медетбек, Ақын, Қазақстанның халық жазушысы:
Әдебиет – халықтың ең бір рухани тірегі, рухани өрісі, рухани өркені. Жапырақтарың жайылсын, айналайындар. Бар болыңдар, шеттеріңнен нар болыңдар!
Жазира Оразқызы
