Шекара шебіндегі ел-жұртқа қолдау керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шекара шебіндегі ел-жұртқа қолдау керек

06.05.2025

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданындағы шекаралық ауылда 60 үй бос тұр. Ресейдің екі ауданымен шектесетін ауылдық округ мектебінде келер жылы 1-сыныпта оқитын бала жоқ. Үдере көшкен халықты тоқтатып, шекара шебіндегі елдімекендерді сақтап қалу мәселесі қалай шешілмек? 

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Біз қазір Қазақстан-Ресей шекарасының ортасында тұрмыз. Арғы бетте орыс ауылы, бергі бетте Майтүбек елдімекені. Екі ауылды мына сай мен Сарыөзен бөліп тұр. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан шекарадағы жұртшылықтың жағдайы қалай? Бірге білейік.

Жәнібек ауданы Талов ауылдық округіне қарасты Майтүбек елдімекенінде 19 үй бар. Суы, газы қосылған.

Ал Талов ауылы аудан орталығынан - 120, Орал қаласынан 500 шақырым шалғайда жатыр. Шекаралық ауылда 680 адам тұрады. Бұрын халық саны қазіргіден екі есе көп болған. Жері шұрайлы, табиғаты қолайлы жер. Алайда халық үдере көшуін тоқтатпай тұр. Былтыр 14 отбасы көшіп кеткен. Ауылда 1869 жылы Жәңгір хан бұйрығымен ашылған тарихи мектеп бар. Бір кезде 700 бала оқыған білім ордасында қазір тек 57 оқушы қалған.

Қымбат Жолдыбаева, Ғ.Сарбаев атындағы мектептің мұғалімі:

Биыл 11-сыныпты тек 4 оқушы бітіреді. 2025 жылғы 1 қыркүйекте 1-сыныпқа баратын бала саны жоқ. Бұл ауылымыздағы халық санының күрт азаюына байланысты. Халықтың 70 %-ы осы мектебімізде қызмет атқарады. Айлық-табысын осы мектептен алады.

Ертеректе ауылда кірпіш зауыты, шұжық цехы, наубайхана жұмыс істеп тұрған. Қазақтың ақбас сиыры асылтұқымды мал зауыты төл түрлендірген. Қазір де халық негізінен мал ұстайды. Алайда тұрғындар арыз-шағыммен әкімнің кеңсесіне жиі бас сұғады.

Сағынай Нұрмұханов, шаруа, Талов ауылының тұрғыны:

Шаруалардың малы да азаяды. Бұрын сементал, герефорд тұқымы алынып тұрды. Соның бәрі тоқтады. Киік мал ұстатпай тұр. Шабындықтарды отап кетіп жатыр.

Талов ауылдық округі Ресейдің Саратов облысына қарасты қос ауданмен шектеседі. Шекарада екі өткізу бекеті бар.

Марат Сәрсенғалиев, Талов ауылдық округінің әкімі:

Осы жерге бізге шекара заставасын салып берсе дейміз. Себебі шекара бекеті ашылса, ол жерде 40-қа жуық әскери қызметкер жұмыс істейді. Олар отбасыларымен көшіп келіп, осы жерге тұрақтаса, сонда мектептегі бала саны мәселесі де шешілер еді деген ойдамыз.

Аудан әкімдігі өрт сөндіру бекетін де осы ауылдан ашуды жоспарлап отыр. Тиісті мекемелерге хат жолданған.

Өңірдегі 145 ауыл шекара маңында орналасқан

Жалпы, өңірде 405 ауыл бар. Солардың 145-і шекарадан 50 шақырым жерде орналасқан. Онда 104 мың адам тұрып жатыр.

Райса Еркеғалиева, облыстық Стратегия және экономикалық даму басқармасының бөлім басшысы:

Шекара маңындағы 145 ауылдың 70%-ға жуығы «даму перпекстивасы бар» ауыл болып саналады. Осы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына біз басымдық беруіміз керек. 98 ауылда таза су бар, 128 ауыл көгілдір отын қолданады. 132 ауыл сапалы байланыспен қамтылған.

Биылғы Ұлттық құрылтайда Президент шекарадағы ауылдар туралы дербес заң қабылдау қажеттігін айтты. Соның негізінде қаражат бөлініп, шекара шебіндегі ел-жұртты қолдау мәселесі қолға алынбақ.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу