Кәсіптік білім беру ұйымдары үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі 2 есе ұлғаяды. Яғни, бұған дейін бір студентті оқытуға бөлінетін орташа қаражат 437 мың теңге болса, жаңа оқу жылынан бастап ол орта есеппен 912 мың теңгеге жетпек. Қаржыландырудың артуы студенттер мен колледждерге қандай мүмкіндік береді?
«Бұрындары студенттерді түрлі Халықаралық сайыстарға қатыстыру үшін демеуші іздеп, сарылатынбыз», - дейді колледж директорлары. Қаражаттың аздығы көп іске қолбайлау еді. Енді жан басына шаққандағы қаржыландыру өссе, студенттер үшін мүмкіндік те артады.
Болат Рысқалиев, «Astana Polytechnic» жоғары колледжінің директоры:
Біріншіден, оқу орындарының материалдық-техникалық базасы, жаңа лабораториялар, жаңа зертханалар және жаңа корпустар. Студенттеріміздің жан-жақты білім алуына және үлкен кәсіпорындарда, шетелдік кәсіпорындарда практика өтуіне, олардың жан-жақты өсуіне оң әсерін тигізеді деген ойдамыз.
Бір жағынан бұл жаңашылдық колледждер арасындағы бәсекелестікті арттырады. Себебі үздік кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары үшін ынтыландыру төлемдері қарастырылмақ.
Санжар Тәтібеков, «Talap» АҚ президенті:
Егер лидер колледжіміз 917 емес, 1 млн 200 мың алатын болса, Әлемдік жұмыс беруші қауымдастығы қолдаған үлкен сертификация, не болмаса шеберлік конкурстарында, оның ішінде «World Skills» конкурстарында Халықаралық чемпиондар дайындаса, республикалық емес, сол колледждердің ынталандыруын көбейтсек. Ең жақсы мынадай колледждеріміз бар деп, атап көрсететіндей колледждердің саны өсуі керек.
Ақзира Қасымова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті басшысының орынбасары:
Бұрын мамандықтарды 4 топқа бөлсек, биылғы жылы мамандықтарды 6 топқа бөліп отырмыз. Бұрын бізде жан басына қаржыландыру 437 мыңды құраса, қазір орта есеппен 912 мыңды құрап отыр. Яғни базалық колледждер 750 мыңнан алса, ынталандыру бойынша 1 млн 200-ге дейін қаржы алуға мүмкіндігі бар.
Бүгінде Қазақстанда 700-ден аса кәсіптік-техникалық колледж бар. Міне, сол колледждердің оқу-өндірістік шеберханаларында дайындалған өнімдерін сатылымға шығару механизмі де қазір қарастырылып жатыр. Осылайша өдірістен түскен табыс та білім беру ұйымдарын дамытуға пайдаланылмақ.
Ақниет Балтанова
