АҚШ-тағы Қазақстан елшілігіне мыңдаған турист келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тағы Қазақстан елшілігіне мыңдаған турист келді

06.05.2025

АҚШ-тағы Қазақстан елшілігіне бірнеше сағатта бірнеше мың адам келді. Бұл бір жыл үзілістен кейін өткен ашық есік күні шарасының нәтижесі. Жалпы, осы күні Вашингтондағы 70 елшілік келушілерге есігін айқара ашып, өздерінің ұлттық дәстүрлерін таныстырды.

Елшіліктердің ашық есік күндері - АҚШ астанасындағы маңызды мәдени шаралардың бірі. Бұл жолы Қазақстан елшілігі де күні бойы америкалықтар мен өзге де туристерден толастамады. Қонақтар қазақтың салт-дәстүрімен етене танысты. Көбі қазақтың ұлттық аспабының үнін алғаш естіп, бірінші рет беташар рәсіміне куә болды. Ұлттық киімдерге қызыққан меймандарда есеп жоқ. Киіп көру үшін кезекке де тұрды.

Франсиско Санчес:

Мен туып өскен жер өте ыстық. Сондықтан мұндай киім дәстүрде жоқ. Мынаған қара. Керемет қой. Мен құдды бір патша секілді болып тұрмын.

Сырға мен білезік, шолпы мен алқа. Көздің жауын алатын қазақтың ұлттық бұйымдары бұрышы да келушілер көп қызықтаған жер болды. Жақында құрылған кішкентай «Гүлдер» би тобы да өнер көрсетіп, көптің ықыласына бөленді. Үш пен алтыншы сынып оқушыларынан бірер ай бұрын ғана жасақталған би топтары күрделі билерді де шебер орындап шықты.

Мың бұрала билеген балалар келушілерге ұлттық биді таныстырып қана қоймай әрі шеберлік сағатын өткізіп, би иірімдерін үйретті. Бұл әйелдермен бірге ерлерді еріксіз еліткен секілді. Балалармен бірге қайталап, билеп мәре сәре болды. Туристер ұзақ қарап, тәптіштеп сұраған дүниенің бірі елшілік ауласына тігілген қазақтың киіз үйі. Шетелдіктер көшпелілер үйінің бір шегесіз жиналып, бір шегесіз құрылатына таңдай қақты.

Триша Торга:

Бұл елшілікке алғаш рет келіп тұрмыз. Өте керемет екен. Әртүрлі мәдениеттердің ерекшеліктерін көруге болады. Иә, мен таң қалып тұрмын – сыртынан жай ғана кірпіштен салынған ғимарат сияқты көрінеді, бірақ ішіне кірсең, бәрі сарай сияқты. Иә, өте әдемі.

Таңнан кешке дейін жалғасқан шараға бірнеше мың қонақ келген. Америка жерінде Қазақтың тарихына бойлап, салт дәстүрі мен әдет ғұрпымен етене танысқан жұрттың бір бөлігі енді Қазақстанға арнайы саяхаттап бармыз деп тарқасты.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу