Стамбұлдағы жер сілкінісінде мыңдаған ғимаратқа зақым келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Стамбұлдағы жер сілкінісінде мыңдаған ғимаратқа зақым келген

06.05.2025

Сәуірдің 23-і күні Стамбұлда болған 6,2 балдық жер сілкінісі кезінде 4 295 ғимаратқа зақым келген. Бұл туралы Түркияның Қоршаған ортаны қорғау және қала салу министрі Мұрат Курум мәлімдеді.

Зілзаладан кейін министрлік жанынан құрылған арнайы комиссия қала бойынша 36 мыңнан аса нысанды тексерген. Олардың басым бөлігі — мектептер мен ауруханалар сияқты әлеуметтік нысандар. Тексеру қорытындысы бойынша 4 295 ғимаратқа аздаған зақым келгені анықталды. Дегенмен мамандар бұл ғимараттардың құлау қаупі жоқ екенін атап өтті.

Сондай-ақ министр Стамбұлда ескі үйлерін бұзып, орнына жаңасын салғысы келетін тұрғындарға мемлекет тарапынан берілетін өтемақы мөлшері 1 млн 500 мың лирадан 1 млн 875 мың лираға дейін артқанын хабарлады.

Мұрат Курум, Қоршаған ортаны қорғау және қала салу министрі:

«Арнайы комиссия тұрғындардан түскен шағымдар негізінде қысқа уақыт ішінде 36 мыңнан аса нысанды тексеріп шықты. Олардың басым бөлігіне ешқандай зақым келмегені анықталды. Тек 4 мыңнан аса ғимаратта бөлмеаралық қабырғалардың жарылуы, сылақтың түсуі сияқты ұсақ нұқсан бары нақтыланды. Яғни іргетасы мен тіреу бөліктеріне зақым келмеген, сондықтан бұл ғимараттардың құлау қаупі жоқ».

Айдос Әшім

Хабарламаларға жазылу