Қыз-келіншектер жаппай жекпе-жек өнерін меңгере бастады. Бұрымдылар бұл қадамға, өз-өздерін қорғау үшін барып отыр. Өйткені нәзік жандыларға жасалатын зорлық-зомбылық жиілеген. Отбасы – ошақ қасын спортзалға ауыстыруға мәжбүр болған қыз-келіншектермен тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тілдесіп қайтты.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Бұрын мұндай залдарға әйелдер спортшы атанып, чемпион болу үшін келетін. Ал қазір өзін қорғау үшін жаттығатындар көбейген. Мақсат күйеуінен таяқ жеп, көрінгеннен қысым көріп қор болмау. Айта кету керек, дәл мына біз жүрген залда 250-ге жуық қыз-келіншек жаттығады.
Солардың бірі Наргиз Бижанова. Ол жуырда ғана танымайтын ер адамнан қысым көргенін айтады. Сондағы жазығы жолда келе жатып, басқа көлікке жол бермегені.
Наргиз Бижанова, қала тұрғыны:
Көлігінен атып шығып, бірден маған қарай бет алды. Зәре-құтым қалмады. Қорыққанан есік, тереземді құлыптап, отырып алдым. Ол терезені сындыруға тырысып, есігімді бірнеше рет тепті. Ауызына түскен балағат сөздің бәрін айтты. Қоңырау шалып көмек сұрайтын не ағам, не інім жоқ. Тұрмысқа да шықпағанмын. Сол сәтте тек өзіме арқа сүйей алатынымды түсіндім. Сондықтан осында жаттыға бастадым.
Ал Әдемі осындай оқиғаларды көріп, біліп жүрген соң жауынгерлік өнерді меңгеруге бекінген. Өйткені сүйген жарыңыз күндердің бір күні Бишімбаевқа айналып, өзіңіз Салтанаттың күйін кешпейтініңізге кім кепіл?! дейді.
Әдемі Нұрғали, қала тұрғыны:
Алда қандай оқиға болатынын білмейсің. Бірақ дайындық бар болса өзіңді басқаша сезінесің, өзіңді қорғай аласың. Ол әр әйел кісіге іште берік мінез қалыптастырады.
Жаттығуға 250 қыз-келіншек жазылған. Олар мұнда тегін машықтанады. Бапкер Нұрлан Байлиннің сөзінше, қоян-қолтық ұрысты меңгеріп жүргендердің дені зорлық-зомбылық құрбандары.
Нұрлан Байлин, жаттықтырушы:
Кейбіреулері әкесі шешесін ұрған. Сондай отбасыда өскен. Қазір мысалы 20-25 жасқа келіп, ер адамдардан қорқады. Күйеуге шығуға қорқады. Танысуға да қорқады ғой. Кейбір әйелдер бар. көп жылдар бойы зорлық-зомбылық көріп, қарым-қатынасын үзу үшін осында келеді. Өйткені ажырасам деп айтса тағы ұрады. Ең алғашқы жаттығулар қиын болды. Қорқады, өзін ыңғайсыз сезінеді. Біз оны түсініп, қысым көрсетпей жаттығуды кезең-кезеңмен бастадық.
БҰҰ дерегі бойынша, елімізде жылына тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 400-ге жуық әйел көз жұмады екен. Тағы бір жаға ұстатарлық статистикаға тоқталсақ, 2024 жылы құқық қорғау органдарына отбасылық зорлық-зомбылық жайлы 100 мыңнан астам хабарлама түскен. Дағдарыс орталықтарына 6 мыңға жуық әйел жүгінген. Оның 3 мыңнан астамының бірнеше баласы бар. Психологтардың айтуынша, мемлекет бұл мәселенің салдарымен емес, себептерімен күрескені абзал.
Ержан Мырзабаев, психолог:
Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекетке бір жоба ұсынған болатынбыз. Үйленейін деп жатқан жұптарды арнайы бір курстан өтіп, сертификат алмайынша үйленуге рұқсат бермеу туралы. Мысалы біз қарапайым төрт дөңегелекті көлікті жүргізу үшін екі-үш ай курсқа жібереміз ғой. Оқы, үйрен, ережелерді біл. Тура осындай принциппен үйленейін деп жатқан жұптарды белгілі бір курстардан өткізу, оқыту, білім беру. Отбасылық өмір тек өлем, сүйем, күйем емес.
Кешегі Әлия мен Мәншүк, Хиуаздар от кешіп, Отан қорғаған. Солардың сіңлілері, қазіргі қыз-келіншектер қолдарына қару алып жер қорғамаса да өз-өздерін қорғай алса дейді бапкер Нұрлан Байлин. Осы мақсатпен жуырда респбулика бойынша арнайы акция өткізбекші.
Нұрсұлтан Тілектес
