Түркістан облысында шіркейге қарсы дезинфекция жүргізген мердігерге 1,4 млн теңге айыппұл салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында шіркейге қарсы дезинфекция жүргізген мердігерге 1,4 млн теңге айыппұл салынды

02.05.2025

Түркістан облысында шіркейге қарсы дезинфекция шараларын жүргізіп жатқан мердігер мекемеге «жұмысты өз деңгейінде атқармағаны үшін» 1,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Нәтиже шықпаса, заң бойынша қатаң шара қолданылатыны ескертілді. Аталған мердігер үш жылдан бері химиялық залалсыздандыру жұмыстарны жүргізіп келеді. Өңірде зиянкес жәндіктер жыл өткен сайын көбейіп барады. Қазір Арыс қаласы мен Шардара, Отырар аудандарында жәндіктердің 11 ошағы анықталған. Әсіресе Сырдария өзені мен Көксарай су қоймасына жақын орналасқан ауылдарда жұрт әлі күнге тұмшаланып жүруге мәжбүр. Зиянкестерді дәрілеу шаралары жылда жасалғанымен нәтижесін көрмей отырмыз, дейді жергілікті халық.

Гүлнәр Отарбаева, Балтакөл ауылының тұрғыны:

Жаз шықса басып қалады. Малға да обал, адамдарға да обал. Кішкентай балаларымызға да обал. Далаға шығып ойнай алмайды. Бүгін жел болып, қайта шіркей жоқ. Жел тоқтаса, шіркей басып қалады.

Ал жауаптылар болса, шіркеймен күреске биыл қазынадан 1,4 млрд теңге қаражат бөлінгенін айтады. Дәрінің де көлемі анағұрлым артқан. Былтыр Сырдария өзеніне 40 тонна дәрі құйылса, биыл оның көлемін үш есеге көбейттік деп отыр. Мәселен Отырар ауданында қазір 30 шақты маман мен 11 техника жұмыс істеуде. Арнайы препаратты суға араластырып, өзенге құяды. Оған қоса, ауыл ішіне, елдімекендерге дәрі шашуда. Ал 6 биолог Сырдария өзеніндегі шіркей ошақтарына қайықпен барып, дәрінің қаншалықты әсер еткендігін де анықтап жатыр.

Жанәділ Айтбеков, облыстық Энергетика, тұрғын үй шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары:

Сол биологиялық дәрілеуден кейін шіркейлердің көптеген бөлігі сақталатын болса, онда химиялық дәрілеуге көшеміз. Химиялық дәрілеуге бізде 15 секторға бөлінген. Үш ауданда барлық елдімекендер бір-бірімен жақын орналасқан елдімекендерді секторға бөліп, 15 секторды қадағалап отырмыз. Сәуірден бастадық. Әр ауылға дәрілеу жұмысы жүргізілуде. Ол үшін 20-дан астам техника жұмылдырылған.

Айнұр Ақбаева 


Хабарламаларға жазылу