Табиғи апаттан зардап шеккендерге берілетін дүние-мүліктің тізімі кеңейтілді. Енді өтемақы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арба үшін де беріледі. Сондай-ақ, тасқын кезінде газ балон, үйді жылытуға сақтап отырған көмір бүлінсе төленеді. Жалпы, осыған дейін бекітілген ережеге сәйкес, өтемақыны тасқын не өзге де апат кезінде тұрмыстық техникасы бұзылғандар да ала алатын. Атап айтсақ, тоңазытқыш, электр пеші, кір жуғыш машинасына қарастырылған. Одан бөлек, тұрғындар теледидар, керует, үстел мен орындықтарды және ыдыс-аяқ сөресін жаңадан сатып ала алады. Бірақ, барлық зат үшін ең көп дегенде 589 500 теңгеге дейін беріледі. Өтінімді жергілікті әкімдікке барып жазу керек.
Марат Амантай, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы:
Өзгерістер бүгіннен бастап, яғни бүгін күшіне енеді. Залалды анықтау мүмкін болмаған жағдайда ұлттық статистика бекіткен бағаларға сәйкес бағалау жүзеге асырылады.
Жанель Өтеулі
