Бүгін еліміздегі алғашқы орман шаруашылығы жобасы аясында Алматы облысында дала жұмыстары басталды. Шеңгелді ауылына қарасты Қапшағай су қоймасының жағасына тал егілді. Шетелдік инвесторлардың қолдауымен қараусыз жатқан алқаптарға 3,5 миллион түп ағаш көшеттері отырғызылмақ. Сондай-ақ, аумақ жан-жақты игеріледі. Атап айтқанда, өрік, Сиверс алмасы және терек көшеттері арнайы автоматтандырылған құрылғы арқылы отырғызылады. Оларға тамшылатып суару технологиясы қолданылмақ. Сонымен қатар, бұл аумақта заманауи технологиямен жабдықталған жеміс-көкөніс алқабы құрылады. Жоба аясында қызанақ өсіру қолға алынса, мал шаруашылығында Еділбай қойын өсіру жоспарланған. Экологиялық таза өнімдер отандық нарықтан бөлек, Еуропаға да экспортталуы ықтимал.
Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы:
Бұл — экологияны қолдауға бағытталған жеке инвестициялық жоба. Көшеттер арнайы аумақта өсіріліп, ғылым мен бизнестің ынтымақтастығы арқылы жүзеге асады. Жобаға отандық, Еуропалық және Оңтүстік-Шығыс Азиялық инвесторлар қызығушылық танытқан. Еліміздегі аграрлық университеттердің ғалымдары мен агрономдар бірлесе жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта жұмысшы мамандықтарға басымдық беріліп, жергілікті тұрғындар арасынан кадр даярлау да қолға алынады.
Жазира Оразқызы
