Президент ғалым С.Қасқабасовтың отбасына көңіл айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент ғалым С.Қасқабасовтың отбасына көңіл айтты

28.04.2025

Мемлекет басшысы көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы Сейіт Қасқабасовтың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сейіт Асқарұлы – ұлт руханиятын ұлықтап, қазақ ауыз әдебиетін терең зерделеуге бар саналы ғұмырын арнаған зиялы тұлға еді. Әсіресе, отандық фольклортануға өлшеусіз үлес қосты. Іргелі еңбектер жазып, ұлағатты ұстаз ретінде көптеген шәкірт тәрбиеледі. Өнегелі өмір сүріп, соңына рухани мол мұра қалдырған Сейіт Асқарұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды.

Расында, ғазиз ғалым қазақтың салт-дәстүрін, аңыздарын жинады-терді. Этнографиялық-этнологиялық деректерді зерттеді. «Абай және фольклор», «Жаназық», «Қазақтың ғашықтық жырлары» сынды зерттеулері бар. Басты артықшылығы: академик орамды ойларын орысшада, қазақшада жазып қалдырды. Ол 300-ден аса еңбектің, соның ішінде фольклор, әдебиет пен өнер бойынша 9 монографияның авторы. Студент кезінде-ақ Мұхтар Әуезовтің батасын алған фольклортанушы, өзі де шәкірт тәрбиелеп, талай жастың ғылымға бет бұруына ықпал етті.

Серікзат Дүйсенғазы, С.Қасқабасовтың шәкірті, ЕҰУ филология факультетінің деканы:

Талапшыл еді. Шәкірттерінің барлығын, жаңағы ғылым жазған кезде халтурадан, басқадан алыс болуға міндеттейтін. Өзі және оқитын. Ол кісінің бір кереметтілігі, барлық шәкірттерінің еңбектерін оқып шығып отыратын. Оқып, түзеп, қайтадан қайтарып, былай жазыңдар деп бағыт-бағдар беріп отыратын. Соған уақытын аямайтын.

Бүгінге дейін академиктің ғылыми жетекшілігімен фольклортану, әдебиеттану және өнертанудың мәселелеріне қатысты 11 докторлық, 23 кандидаттық диссертация қорғалған.

Ернұр Медет


Хабарламаларға жазылу