Астанада қамқоршылық органдарының қызметкерлері арнайы оқытылып жатыр. Жоба Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті және ЮНИСЕФ-тің бірлескен бастамасымен жүзеге асуда. Шараға ел бойынша 170-тен астам маман қатысып жатыр. Жалпы бағдарлама аясында 700-ге жуық маман қамтылмақ. Бұл бастама – балалардың құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған ауқымды реформалардың бір бөлігі, – деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева.
Динара Закиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі:
Бір маманға 5000 бала деген норматив енгізілді. Мысалы, Астана қаласында бұрын 500 мың балаға 5 маман болса, енді 100 маман болады. Осылайша барлық облыстарда қамқоршылық қызметкерлерінің санын арттыру үшін жұмыс жүргізілуде.
Бүгінде елімізде бала құқықтарын қорғауға бағытталған жүйелі реформалар жүзеге асырылып жатыр. Әкімдіктер жанынан арнайы басқармалар құрылып, сала мамандарының мәртебесін заң жүзінде бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Юлия Овечкина, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ең ауқымды әрі маңызды шаралардың бірі. Себебі балалардың тағдыры мен қауіпсіздігі күн сайын осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты.
Динара Жарқынбек
