Қазығұрт ауданында 150 балаға лайықталған мектепте 600-ден аса бала оқиды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазығұрт ауданында 150 балаға лайықталған мектепте 600-ден аса бала оқиды

19.04.2025

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында оқушылар жылдар бойы ыңғайластырылған мектептерде білім алып келеді. Мәселен Шарбұлақ ауылында балалар үш аусымда оқыса, Тұрбат елдімекенінде 600-ден аса оқушы 150 орындық ғимаратта сыйысып жүр. Кезінде асарлатып салынған ескі мектепте сынып бөлмелері жетіспейді, асхана мен акт залы атымен жоқ.

Жаңатірлік орта мектебінің кітапханасы қазір сынып бөлмесіне айналған. Мұнда бастауыштың балалары екі аусымда сабақ өтеді. Себебі басқа сынып бөлмелері бос емес. Мектептегі мұғалімдер бөлмесі мен әдістемелік кабинет те, медбике отыратын жер де дәрісханаға айналған. Шағын ғана бөлмелерге интерактивті тақталарды қоймақ түгілі кәдімгі тақтаның өзі әрең сыяды дейді ұстаздар.

Файзулла Момбиев, мұғалім:

Қысқасы төрт сабақ өтсе, таңертең 4-5 сабақ өтіледі. Міне бұл жерді қараңыздар, терезесі ашылмайды. Ауа тарлық етеді. Бұл жерде бір сыныптың өзі немесе бір мұғалім үш-төрт сабақ өтетін болса, әрине ол қиындау.

Бала оқып жатыр деген аты болмаса, екі қабатты ғимарат қазіргі талапқа мүлдем сай келмейді. Пән кабинеттері де жабдықталмаған Шеберханалар атымен жоқ. Үйірмелер өтетін бөлмелер тапшы. Ал, компьютерлер сөрелерде тұр.

Аяжан Рахымберді, оқушы:

Мысалы біз физика, математикадан қосымша пәндерге барғымыз келеді. Бірақ бізде ондайлар жоқ. ДШ-ға киінетін жер жоқ. Сыныпта киінеміз. Ән айтатын, би билейтін жерлер жоқ. Мен би билейтін жер, дайындалатын жер, домбыра болса деп армандаймын.

Қазіргі талапқа сай бастауыш сыныптар толықтай ыстық тамақпен қамтылу керек болса, мұнда асхана да жоқтың қасы. Оқушылар үлкен жолдан өтіп, жеке кәсіпкердің дүкеніне барып тамақтанады. Ғимаратта ауыз су да ақпайды. Тек ауыл тұрғындары асарлатып салған әжетханада қол жууға болады. Жауаптылар бұл мәселе жуық арада шешілмейді деп қысқа қайырды.

Әлжан Байғараев, Қазығұрт аудандық білім бөлімінің маманы:

Дәл қазір бұл мектепке құрылыс салу жоспарда жоқ. Алдағы уақытта жоспарға енгізетін боламыз. Аудандағы апатты, үш ауысымды мектептеріміздің мәселесін толық шешіп болғаннан кейін, осы мектепке көшеміз.

Қосымша білім бөлімі тарапынан сыймаған оқушыларды басқа мектепке тасымалдап оқытуға ұсыныс білдірдік дейді. Алайда оған ұстаздар да, ата-аналарда да қарсы болған. Айта кетейік, қазір өңірде 1 апатты, 2 үш ауысыммен оқитын мектеп бар.

Айнұр Ақбаева 


Хабарламаларға жазылу