Жезқазғанда краннан аққан су ішуге жарамсыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғанда краннан аққан су ішуге жарамсыз

08.04.2025

Жезқазған қаласында тұрғындар краннан аққан суды тұтынуға жүрексінеді. Себебі сапасы нашар. Оның үстіне осы қыста қаланың 70 пайызын сумен қамтып отырған Кеңгір су қоймасынан 800-ге жуық киіктің өлексесі табылып, жағдай күрделенді. Мамандар судан күнде сынама алып, жағдайды бақылап отыр. Ал суды сүзгіден өткізгендей тың технологиямен тазалайды деген бірегей кешен екі жылдан бері іске қосылмай тұр.

Жезқазғандықтар кранның суын тек жуынуға пайдаланады. Себебі дәмі кермек татиды, әрі иіс бар. Өйткені ауызсудың басым көпшілігі сай-саладан жиналған судан сүзіліп барып тұтынуға жіберіледі. Ал қалғаны жерасты суынан алынады. Оның өзі қаттылық жағынан тиісті нормаларға сай емес.

Шенділер осыдан 13 жыл бұрын мембрандық технология арқылы суды тазартып көрді. Кейін бұл пилоттық жоба мақұлданып, 1965 жылы салынған гидоцех жаңғыртылатын болды. Алайда 2021 жылы басталған құрылыс жұмыстары әлі күнге созылып келе жатыр.

Маруа Келмағанбетова, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

Негізі мемлекеттік сараптамаға сәйкес жоба 23 айда соғылуы керек болатын. Бірақ бағаның күрт өсуіне байланысты, сонымен қатар барлық қондырғы шет елдерден келгендіктен, 2023 жылы жоба түзетілді. Содан кейін жоба құны 2 есе өсті.

Қазір жобаның құны 16 млрд теңгеден асып кетті. Қаржының 80 пайызы республикалық, қалғаны облыстық бюджеттен бөлінеді. Биыл қазынадан тек 5,8 млрд теңге бөлінбек.

Қанат Оспанов, жоба жетекшісі:

Үйде адамдар фильтр қойып жатыр ғой. Бұл сол фильтр, бірақ маштабы үлкен. Мына жерде 7 блок тұр, оның 4-уі жұмыс істеп, қалғаны резервте. 60 пайыз жұмыс бітті. 80 пайыз қондырғылар келді, соны орнатып жатырмыз.

Қазір 100 мыңға жуық тұрғыны бар шаһар күніне шамамен 50 мың текше метр су пайдаланады.

Жандос Бақытұлы, тілші:

Кеңгір су қоймасынан шыққан су алдымен классикалық тазалау жүйесінен өтіп, кейін мына 7 блокты фильтрде тазаланады. Одан кейін арнайы резервуарларға құйылып, тұрғындарға беріледі. Ал жоба жетекшілері алдағы уақытта бюджет толық бөлінсе, келер жылы бәрін аяқтаймыз дейді.

Жандос Бақытұлы


Хабарламаларға жазылу