«Аңсаған сәби» бағдарламасына биыл 5 жыл. Аталған бағдарлама арқылы Ақмола облысында былтыр 89 сәби өмірге келген. Биыл бірінші жартыжылға 100 квота бөлініп отыр.
Бақыттың төресі – бала сүю десек, өкінішке қарай, нәрестенің іңгәлаған үнін есту некеге тұрған барлық отбасына бірдей бұйыра бермейді. Алмас пен Нина 2013 жылдан бері бірге. Алайда 2017 жылға дейін бала сүюді тек армандап келген. Басты себеп – жатыр мойнына жасалған ауыр ота салдары. Бұл отбасы осылайша жасанды ұрықтандыру көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
Нина Бостанова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Жасанды ұрықтандыру әдісіне дайындықты 2016 жылдың қыркүйек айында бастадық. Қажетті деген анализдерді түгел тапсырып, қаңтарда тегін квота алдық. Қатты қуандық. Аңсап күткен баламыз 2018 жылы дүниеге келді. Шүкір, баламыздың дені сау, өте ақылды, алғыр. Қазір бір жақсысы - бала сүйгісі келетін жандар квотаны ұзақ күтпейді. Анализдері дұрыс болса, болғаны.
Нина жасанды ұрықтандыру әдісіне тағы жүгінуді жоспарлап отыр. Былтырғы әрекеті сәтсіз болған. Десе де, үмітін үзбейді. Себебі Дастандай дені сау баланы осы қосымша репродуктивті технологияның арқасында дүниеге әкелді.
Гүлмира Мұқашева, ЭКҰ бойынша Ақмола облыстық комиссиясының төрайымы:
12 айда табиғи жолмен бала көтере алмаған ерлі-зайыптылар медициналық тексеруден өтіп, диспансерлік есепке тұруы қажет. Кейін қосымша репродуктивті технология әдісі бойынша жүкті болуға жолдама беру қарастырылады. Жыл сайын біздің облысқа шамамен 260 квота бөлінеді. Орташа есеппен 90 сәби дүниеге келеді. Биыл бірінші жартыжылдыққа 100 квота бөлінді. Оның 77-сі үлестірілді, 46-сы порталға қойылды.
Ақмола облысында бедеулік диагнозымен 1259 жұп тіркеуде тұр. Мамандар мұның себебін инфекциялық қабыну, дұрыс тамақтанбау, гормоналды өзгеріс және экология, деп түсіндіреді. Одан айығудың жолы – ұзақ ем-дом қабылдау немесе жасанды ұрықтандыру. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында облысқа 4 жылда 1078 квота бөлінген. ЭКО арқылы 404 келіншек бала көтергенімен, тек 265-і ғана сәби сүю бақытына ие болды.
Бибінұр Әмірханқызы
