Мәскеу қаласында «Алтын күз» атты қазақ әндерінің фестивалі өтті

14.11.2017

Осымен 5-ші жыл қатарынан ұйымдастырылған өнер байқауы биыл Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына арналды. Оны өткізуге жергілікті қазақтардың «Мұрагер» ұйымы, Мәскеу Үкіметі және Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі мен Тұңғыш Президент қоры мұрындық болды. Фестивальдің ақтық сынында Санкт-Петербург, Саратов, Омбы, Түмен, Уфа, Самара сынды Ресейдің көптеген қаласынан жиналған 13 музыкант өнер көрсетті. Олар алдымен қазақша, содан соң өзге тілде бір-бір әннен орындады. Фестивальдің қорытындысы бойынша Түмен облысынан келген Әлия Тоболжанова 1-орын алса, бас жүлдені Қанат Мұқышев есімді Омбының қазағы иеленді.  

Ардақ Балажанова, қазылар алқасының мүшесі:

- Мен осы фестивальге келіп отырып, неше түрлі талантты жастарды көрдім. Қазақ әндерін керемет таза, деңгейіне жеткізіп орындап жатқан жастармен қауышып, өзіме керемет жаңалық аштым. Қазақ әніне деген қолдау да керемет. Қазақ әндерін өзге ұлттардың орындап жатқанын көріп, керемет көңіл-күйде болдым.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу