Мәскеуде «Алтын күз-2014» атты қазақ әндерінің фестивалі өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде «Алтын күз-2014» атты қазақ әндерінің фестивалі өтеді

18.11.2014
Мәскеуде «Алтын күз-2014» атты қазақ әндерінің фестивалі өтеді

Ресейдің этномәдени ұйымдарының көшін сонау 1989 жылы «Мұрагер» қазақ мәдениетінің Мәскеулік қоғамы бастаған еді. Бүгінде бұл ұйымға 25 жыл толды. Осыған орай Мәскеуде  «Алтын күз – 2014» қазақ әндерінің Мәскеу жастар фестивалі өтеді.

Шараны Мәскеу қаласы Ұлттық саясат және діни ұйымдармен байланыс, аймақаралық серіктестік департаменті, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі, Еуразиялық экономикалық комиссия  және Мәскеу қаласының «Московский дом национальностей» мемлекеттік бюджеттік мекемесі ұйымдастырып отыр.

Сонымен қатар, фестивальді ұйымдастырушылар қатарында «Қазақ диаспорасы» Мәскеу қоры және Ресей жоғары оқу орындарындағы қазақстандық студенттер бірлестігі де бар.

Фестивальді өткізудегі негізгі мақсат – Мәскеуде қазақтың музыка мәдениетін насихаттау, Қазақстан мен Ресей арасындағы татулықты бекемдей түсу.

Конкурстың шарты бойынша қатысушылар екі ән (бірі қазақ тілінде)  ұсынуы керек. Фестивальдің жеңімпаздары мен лауреаттарын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі «А-Студио» тобының негізін қалаушы Байғали Серкебаев бастаған қазылар алқасы анықтайды.

«Алтын күз-2014» байқауы барысында мәскеуліктер қазақ халқының мәдениеті, салты, дәстүрімен танысады. Сонымен қатар, конкурс қатысушылары қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары мен вокалды дәстүрін кеңінен таныстырады.  Фестиваль аясында қазақтың ұлттық кәдесыйларының көрме-жәрмеңкесі өтеді.

Ал, фестиваль жеңімпаздары қазылар алқасының қолдауымен басқа да ірі музыкалық конкурстарға қатысуға мүмкіндік алады.

Үш кезеңнен тұратын байқау жеңімпазы 5 желтоқсанда анықталады.

Хабарламаларға жазылу