Алматыда «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме ашылды

10.11.2017

Онда елдің Тәуелсіздік жылдарындағы рухани кемелдену кезеңі көрсетіледі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының өмір жолымен танысқысы келген жастарға арналған экскурсиялық жоба ұсынылады. Шара орталық мемлекеттік музейде 14 қаңтарға дейін жалғасады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға арналған мәдени-ағартушылық бағытындағы көрмені қала әкімі Бауыржан Байбек пен  Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашып берді. Ал, «Мұндай көпсалалы көрменің жастар үшін маңызы зор», - дейді зиялы қауым.  

Мейіржан Қалиев саясаттану мамандығында оқиды. Сондықтан, оған белді саясаткерлердің өмір тарихы мен саяси шешімдерін біліп, танысу - маңызды. Ал, оның Астанадағы Елбасы кітапханасына баруға жолы түспепті. Бүгін іздегені жақыннан табылғанындығына қуанды. Себебі, ол көрмені асықпай аралап, көп мәліметке қанығып, ерекше әсер алуға құлықты. 

Мейіржан Қалиев, студент:  

 - Жалпы, өз басым ол кітапханада болған емеспін. Бірақ, осында келіп, экспонаттарды көріп, керемет әсер алудамын. Көп жастар біздің Елбасымызға еліктеп өседі. Сондықтан, мұнда келген жастардың құлшыныстары екі есе артады деп ойлаймын. 

Елбасы кітапханасында 140-тан астам экспонат, 30 мыңға жуық кітап бар. Ал, оның ішінде Президенттің кітаптары 40-тан асады. Оның отызы басқа елдердің тіліне аударылған. Әлемдік саясаткерлердің Қазақ елінің саяси ұстанымы мен ұлт көшбасшысы туралы жазған орамды ойларын да осы көрмеге келіп, оқуға болады. 

Күлайша Ахтаева, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары:    

- Көрмеміз тек қана ересектерге ғана емес, жасөспірімдерге, балабақшаға барып жүрген бүлдіршіндерге де арналған.

Енді екі ай бойы музейде алматылықтар мен қала қонақтарына түрлі жобалар ұсынылады. Мамандар тақырыптық экскурсиялар өткізіп, Тәуелсіздік тарихына қатысты тың тақырыптар жөнінде әңгімелейді. Әрі қарай көшпелі көрменің жұмысы өзге де өңірлерде жалғасады.     

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу