Жетісу облысында жыл басынан бері заңсыз балық аулау құралын пайдаланған алты азаматқа қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшыларының бұл әрекеті Балқаш көлінде несібесін тауып жүрген балықшыларды алаңдата бастады. Себепті-себепсіз тексерулерден қорқып қалған балықшылар көлге шығудан қалған. Ау төңірегіндегі дау қалай шешіледі? Өңірдегі әріптесім тарқатады.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Мен қазір Балқаш көлінің үстімен жүріп келемін. Менің аяғымның астында мұздың қалыңдығы 40-50 сантиметр. Шығысымда Көпбірлік ауылы, батысымда Қарақұм ауылы. Дәл осы екі елдімекеннің халқы қысы жазы осы көлден балық аулап жан бағуда.
Мұндағы кейбір балықшыларға моноталшықты ау қолданбасқа амал жоқ. Арнайы капрон жіптен тоқылған ау қымбат, әрі қолжетімсіз. Елімізде ондай балық аулау құралы өндірілмейді де. Ал көздері кішкентай ауға ұсақ балық түсіп, көлде балық көбеймей жатыр дейді, қарақұмдықтар.
Манат Әйнеков, балықшы:
Елуінші көз деген бар мысалы қарасаңыз. Балық елуінші көзден бастап ауланады, сол кезде балық ана торкөзге жету үшін үш рет уылдырық шашып үлгереді. Ал балық құрымайды ғой. Қалып отырады ғой. Уылдырық қалып отырады. Одан ары қарай Балқашта балық көбейе береді.
Еркінбек Құматаев бірнеше жылдан бері тордың көзі 50 мм-лік моноталшықты аумен өндірістік балық аулауға болатынын ғылыми тұрғыда зерттеп, дәлелдеп келеді. Балқаш көлінде ауланатын балықтардың кез-келген түрі мұндай торға түскенше бірнеше рет уылдырық шашып, тауарлы күйіне дейін өсіп-жетіледі.
Еркінбек Құматаев, Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Балқаш филиалының директоры:
Зерттеулер нәтижесінде капрон ауды полиамитті «қытай ауы» деп айтады ғой. Екеуінің айырмашылығы аулау жаңағы ауға берілген сегіз пайыздан жоғары емес. Капронмен аулайтын аудыкі де, леска аумен бірдей болғандықтан біз рұқсат етілсін деп ұсыныс бердік.
Ал табиғатты қорғау полициясы қазір моноталшықты аудың кез-келген түрімен балық аулауға болмайтынын алға тартып отыр. Балқаш көлінде ұсталған азаматтардан дәл сондай ау тәркіленген.
Сержан Сейдахмет, Жетісу облыстық ПД табиғатты қорғау тобының аға инспекторы:
Балықшылардан шамамен 350 метрдей «қытай ауы» анықталды. Көздері әртүрлі. 35,50 сондай әртүрлі көздермен. 100-ден төмен болды алайда бәрі.
Былтыр балық шаруашылығы комитеті Экология және табиғи ресурстар министрлігінен ауылшаруашылығы министрлігіне ауысқандықтан, нормативтік құжаттар рәсімдеу ісі ұзаққа созылып кетті.
Ринат Қумашев, «Балқаш-Алакөл» облысаралық балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:
Аталған өзгерістер осы жылдың шілде айында қабылданады. Заң қабылданғаннан кейін моножіптен және моноталшықтан тоқылған ауларды заңдастыру бойынша жұмыстар одан ары қаралатын болады.
Моноталшықты ау қолдануға рұқсат берілсе әр балықшының қолындағы аулау құралына QR код беріліп, тіркеуге алынады. Ал балықшылардың басқа да мәселесін жергілікті атқарушы билік пен прокурорлар да өз деңгейінде шешуге ықпал етуге сенім білдірді.
Қуаныш Қанатұлы
