АҚШ-та ЖИ операторларды ауыстыра бастады
Жасанды интеллект дамыған сайын көптеген мамандықтардың орнын алмастырып жатыр. Мысалға қазір қандай да бір компанияның сайты мен басқа да платформаларында бот-операторлар сұрақтарыңызға жауап береді. Бірақ олардың қызмет көрсету тәсілі көбіне жаттанды әрі аясы шектеулі екені рас. Енді сол бот-операторлар жасанды интеллектінің көмегімен дербес шешім қабылдап, барлық мәселеңіздің оң шешімін көрсете алады.
Қазақстандық өнертапқыштар ойлап тапқан платформа компанияның қолдау қызметін жасанды интеллекттің көмегімен жүргізуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде бірнеше америкалық серіктестері бар. Мысалға бір компания осы тетікті пайдаланып, 60 оператор жұмыскерін 11-ге дейін қысқартып, орнын жасанды интеллектіге алмастырыпты. Нәтижесінде жарты миллион доллар үнемдеп отыр.
Беназир Төлеубекова, «Pointai» компаниясының негізін қалаушы:
Қазіргі таңда біз компаниялар сайтындағы, платформаларындағы қолдау қызметін автоматтандырумен айналысамыз. Чат-бот жасанды инттелекттің көмегімен адамдарға жедел, дөп және сапалы қызмет көрсетеді.
Егер компанияға тәулігіне мыңнан аса тұтынушы хабарласса, жасанды интеллект оның 80 пайызына жауап береді. Бірақ адамдар жасанды интеллектпен сөйлесіп отырғанын білмейді, аңғармайды. Себебі барынша шынайы істелген. Егер жасанды интеллект қандай да бір сұраққа күмәнданса, бірден операторды іске қосады.
Азамат Хамидов, «Pointai» компаниясының ко-фаундері:
Егер сапаға тоқталсақ, мысалы сіз оператормен сөйлесіп болғаннан кейін оның қызметін 0-ден 5 баллға дейін бағалайсыз. Біздің өнімді тұтынып отырған компанияда жалпы сапа бойынша тұтынушылар адам оператордан гөрі, жасанды интелекттің қызметін екі жарым есе жоғары бағалаған.
Бұл платформаның басқалардан айырмашылығы – дербес шешім қабылдайды. Яғни егер сіз қандай да бір тауарға қате тапсырыс берсеңіз немесе мекен-жайды қате көрсетсеңіз, жасанды интеллект оны анықтап, дұрыс нұсқаны өзі таңдап, түзетеді. Өнертапқыштар бұл жобаны алдағы уақытта Қазақстанда да іске қосуға мүдделі.
Жалғас Сәдібекұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы