Массачусетс технологиялық институтының ғалымдары ауыл шаруашылығын дамытудың тың тәсілін ойлап тапты. Тозаңдандырумен айналысатын робот жәндіктерді жасап шықты. Жоғары технологиялы бұл жасанды қанатты құрылғы әсіресе вертикальды фермалар үшін таптырмас құрал болмақ.
Ғалымдар ойлап тапқан жасанды төрт қанатты жәндік осы. Роботтар өте жеңіл және шағын. Салмағы бір грамға да жетпейді, ал, көлемі төрт сантиметрден аспайды. Сондықтан гүлдер мен жапырақтарға еркін қона алады дейді ғаламдар.
Сухан Ким, MIT Инженерия және компьютерлік ғылымдар кафедрасының ғылыми қызметкері:
Жаңа типтегі бұл роботтар оларды қолдану мүмкіндіктерін арттырады. Мысалы, жасанды тозаңдандыру үшін пайдалануға болады. Себебі біздің роботың сыртқы келбеті жәндікке ұқсас, өте жеңіл және кішігірім. Роботты өте дәл басқару арқылы гүлдер мен жапырақтардың үстіне қондырып, қажетті әрекеттерді жасауға мүмкіндік тумақ.
Жаңа роботтар қазіргі үлгілерден 100 есе ұзағырақ, яғни 1 000 секундқа дейін ұша алады. Сонымен қатар, жылдам акробатикалық қозғалыстарды жасап, ауада еркін самғай алады. Ендігі мақсат автономды жұмыс істеу үшін роботқа схемалық карта, батарея және сенсорлар орнату. Сол арқылы ғалымдар оның жүк көтеру мүмкіндігін де арттырмақ.
Сухан Ким, MIT Инженерия және компьютерлік ғылымдар кафедрасының ғылыми қызметкері:
Бұл технологияның мақсаты - табиғи бал араларын толықтай ауыстыру емес. Кейбір жағдайларда, мысалы жабық фермерлік шаруашылықтарда бал араларын пайдалану қиын болуы мүмкін, сондықтан біздің роботтарымыз осы жағдайларда пайдалы құрал бола алады.
Ғалымдардың айтуынша, келешекте бұл жасанды қанатты жәндіктер көпқабатты қоймаларда егінді тиімді тозаңдандыру үшін маңызды рөл атқаруы тиіс. Ал, вертикальды фермалардың көбеюі әлемдегі азық-түлік тапшылығын шешудің тиімді жолы болмақ.
Жалғас Сәдібекұлы
