Ұлыбритания 2027 жылға қарай қорғаныс шығындарын арттырады. Премьер-министр Кир Стармер мәлімдегендей ішкі жалпы өнімнің 2,5%-ы осы салаға жұмсалып, жылына қосымша 13 миллиардтан астам стерлинг фунты бөлінбек. Алдағы уақытта бұл қаражат көлемі тіпті ұлғаймақ.
Ал Судан, Украина және Газа секторына гуманитарлық көмек, сондай-ақ климаттың өзгеруімен күрес, денсаулық сақтау және вакцинация бастамаларына бөлініп келген ақша керісінше қысқарады. Стармер АҚШ-қа сапары қарсаңында осындай мәлімдеме жасады. Ол ертең президент Трамппен қауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін кездеседі. Ақ үй басшысы Ұлыбритания сияқты НАТО-ға мүше елдерінен қорғаныс саласына көбірек ақша бөлуді бірнеше рет сұрағаны белгілі.
Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:
Мен ұзақ уақыттан бері ұрпақ алдында тұрған сын-тегеуріндер туралы еуропалық одақтастарға айтып келемін. Біз қорғаныс саласына бөлінетін шығындарды алдағы уақытта жалпы ішкі өнімнің 3%-на дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз.
Марина Бекенова
