Астанада жол шетіндегі бағанға соғылған автобус жүргізушісінде инфаркт немесе инсульт белгілері анықталған жоқ. №1 қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары осылай деді. Сол күні жол апатынан зардап шеккен 15 адам ауруханаға жеткізілген. 8 адам алғашқы көмектен кейін үйіне жіберілді. Төртеуіне шұғыл ота жасалыпты. Барлығының жағдайы қанағаттандырарлық. Ешқайсының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, деді дәрігерлер.
Жеңісбек Бапанов, Бас дәрігердің орынбасары:
Автобустың жүргізушісі де сол күні біздің ауруханаға жеткізілді. Жағдайы орташа болды. Бірден ота жасадық. Инсульт, инфаркт алған болса, біз бірден анықтайтын едік. Ондай белгілер болмады. Алкогольді ішімдікке де бірден сараптама алдық. Нәтижесін күтіп отырмыз.
Естеріңізге сала кетейік, 21 ақпан күні нөмірі 70 автобус Бараев көшесі бойында жол шетіндегі бағанға соғылған. Сол сәтте қоғамдық көлікте 25 жолаушы болды. Қалалық Полиция департаменті сол күні «жүргізуші көлікті басқара алмай қалды» деп ақпарат таратқан. Оқиғаға не себеп болғаны әзірге нақты белгісіз. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Оңғар Алпысбай
