Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының халықаралық конференциясына қатысты. Шара Бахрейн астанасы Манама қаласында өтті.
Бахрейнге сапар аясында Сенат Төрағасы осы елдің Королі Хамад бен Иса Әл-Халифамен де кездесті. Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, Бахрейн Корольдігі еліміз үшін Парсы шығанағы аймағындағы маңызды серіктестердің бірі екеніне назар аударды.
Халықаралық конференцияның пленарлық сессиясында сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда адамзат ішкі қайшылықтар, геосаяси тұрақсыздық, қарулы қақтығыстар, экстремизмнің насихатталуы сияқты жаһандық сын-қатерлерге тап болып отырғанын айтты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Конференция халықаралық қоғамдастық үшін аса маңызды кезеңде ұйымдастырылып отыр. Дүниежүзі бетпе-бет келген бүгінгі сын-қатерлер мұсылман әлеміне ғана емес, бүкіл жаһандық тәртіптің негіздеріне қауіп төндіруде. Осы орайда ислам диалогын дамытуға арналған бұл конференция дер кезінде қолға алынған іргелі бастама екенін атап өткен жөн.
