Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесті

07.02.2025

Банктер елімізді дамытуға ат салысуы керек. Тек бюджет қаржысымен экономиканы жаңғырту мүмкін емес. Бүгін отандық ірі кәсіпкерлермен кездескен Президент осылай деді. Жиында мемлекет тарапынан бизнесмендерге қолдаудың арта түсетінін айтып, жаңа салаларға инвестиция құюға шақырды. Оңғар Алпысбайұлы толықтырып жеткізеді.

Кез келген ел экономикасының әлеуетін көтеретін – ірі бизнес. Өндіріс, инфрақұрылым, индустрия, цифрландыру және басқа да салалар осы кәсіпкерлердің қолында. Сондықтан мемлекет пен ірі кәсіпорын иелерінің арасындағы серіктестікті әлі де жетілдіріп, қаржы құятын жаңа бағыттарды зерттеу маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі геосаяси жағдай мен әлемдік сауда конъюнктурасын ескерсек, көлік-логистика саласының орасан зор әлеуеті елеусіз қалып жатыр. Теміржол, автомобиль және әуе арқылы жүк тасымалына сұраныс артып келеді. Іс жүзінде аталған сектор басымдыққа ие бола бастады. Кейбір шолушылардың айтуынша, пайдасы да мол.

Жиынға қатысқан кәсіпкерлер де саланы жіті зерделегендерін айтып, мемлекетпен серіктестікті күшейту туралы ұсыныстарын жеткізді.

Бақытбек Қадыров «Audacia Express» ЖШС Бас директоры:

Теміржол желілері арқылы өңірлерді дамыту тұрғысында ұсынысымыз бар. Жеке кәсіпкерлерге темір жол желілерін салуға рұқсат беретін құқықтық базаны өзгертсе, біз де бұл жұмыстарға қомақты қаржы құятын едік. Бұл бағытта біраз шаруалар атқарып жатырмыз. Дегенмен үлкен жобаларды өз еркімізбен ала алмаймыз.

Президент болашағы зор тағы бір сала ретінде туризмді атап, қолда бар мүмкіндікті барынша тиімді пайдалануымыз керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Шетелдіктер Қазақстанның тұмса табиғатына, халқымыздың салт-дәстүрі мен тарихи мұрасына ерекше қызығушылықпен қарайды. Бірақ отандық туризмнің әлеуеті зор десек те нақты іске келгенде бұл салада олқылықтар мен кемшіліктер көп. Сондықтан Үкімет туризмді дамытуға мейлінше көбірек инвестиция тарту үшін қосымша шараларды ұсынады.

Қазір елімізде бизнесті негізсіз қыспаққа алып, оңды-солды тексерістен қорғау үшін жүйелі жұмыс қолға алынды. Мемлекеттік органдар негізсіз кәсіпкердің ісіне араласа алмайды. Мұның бәрі бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғауға зор ықпал етті, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Президент еліміздің қазіргі экономикалық жағдайына да тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Кейбір «сарапшылар» айтып жүргендей, ел экономикасының жағдайы мүшкіл деген пікірмен келіспеймін. Анау айтқандай қиын жағдайда емеспіз. Бірақ босаңсуға да болмайды. Иә, экономикада 4,8 пайыздық өсім бар. Үкімет отырысында мұның Қазақстан үшін жеткіліксіз екенін айттым. Үкімет дамудың жаңа даңғылын іздеуі керек.

Экономиканың негізгі драйвері – өндіріс болуы керек екені көптен айтылып жүр. Мұны ең көп импортталатын тауарлардан бастауымыз керек дейді кәсіпкерлер.

Жұмабек Жанықұлов, «Paryz» ҚР :ұмыс берушілер ұлттық конфедерациясы төралқасының төрағасы:

Ұсынысым Қазақстанға жылына 1 млрд доллардан астам қаржыға жеткізілетін тауарларға қатысты. Оларды таситын кәсіпкерлерге тура сол тауарды елімізде өндіру міндеті жүктелуі тиіс. Ең әуелі бизнес жоспар жасаса, кейін өндірісті қолға алады. Бұл аз уақытта үлкен нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берер еді. Кемінде 100 тауардың өндірісін жолға қойсақ бұл үлкен жетістік болар еді.

Банктер де бұл үдерістен тыс қалмауы керек. Қазір пайыздық мөлшерлемені Үкімет тарапынан субсидиялау мәселесі қаралып жатыр. Кепілдік қоры да құрылады. Бұдан бөлек, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан «ұзақ мерзімге берілетін» қаржы тартылады. Бұл – жеткіліксіз. Нақты секторды кредиттеу көлемін арттыру үшін басқа да ұсыныстар қажет, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Дегенмен реттеушілік шаралардың қатаңдағанына қарамастан, тұтынушылық несие көлемі бұрынғыдай өсіп келеді. Былтыр аталған көрсеткіш 33 пайызға ұлғайды. Ал проблемалық борышкерлердің саны 1,5 миллион адамнан асты. Қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек. Осы ретте банктер проблемалық займдарды қайта қаржыландыру жұмыстарын күшейтіп, борышкерлердің санын өсіруге жол бермегені жөн. Азаматтарға алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерге айрықша мән беру қажет.

Президент сөзін қорытындылай келе, мемлекет еліміздің өндірісіне қаржы салатын, тұрақты жұмыс орындарын ашатын адал кәсіпкерлерді әрдайым қолдайтынын айтты. Сондай-ақ, былтыр көктемде болған су тасқыны кезінде қаржылай қолдау көрсеткен барша кәсіпкерлерге, «Қазақстан халқына» қорына жарна салған бизнес өкілдеріне алғыс айтты.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу