АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрі таныстырылды. Осы оқу ордасында «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы бойынша оқып жатқан отандастарымыз Әлем мәдениеті күні шарасында өнер көрсетіп, дастарқан жайды. Төл тағамдарымыз бен ұлттық киімдер жұрт назарына ұсынылды. Қазақ ізденушілері әр тағамның құрамы мен құнарлығына қатысты ақпаратты ағылшын тілінде көрсетіп қойған. Келушілер домбыра, оюлы қамзол-шапанды көріп, қазы-қарта, қуырдақ пен бауырсақтан дәм татып, еліміздің терең мәдениеті жайлы мағлұмат алды. Қонақтар сондай-ақ жерлестерімізбен қосыла қаражорға билеп, мәз мейрам болды.
Жалпы бұл шараға Қазақстанмен қатар Қытай, Колумбия, Үндістан, Ауғанстан, Әзербайжан, Зимбабве, Непал, Куба сынды елдердің өкілдері де қатысып, ұлттық мәдениеттерін таныстыды.
Жалғас Сәдібекұлы