Ұлыбританияда адам өлтіру деректері жиілеген. Әсіресе жастар арасында қылмыс белең алып барады. Былтыр 140 мың жасөспірім пышақпен ұсталған. Сондықтан Үкімет суық қару саудасына талапты күшейту үшін заңды қатайтпақ. Бұдан былай қылмысты насихаттаған әлеуметтік желілердің де жұмысы бақылауға алынады.
2024 жылдың шілдесінде Саутпорт қаласында болған оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. 18 жастағы жасөспірім би үйірмесіне келген 3 бейкүнә қызды пышақтап өлтіріп, бірнеше адамды жарақаттады. Оның жауыздыққа баруына діни көзқарасы себепші болған.
Джейсон Пай, Мерсисайд полициясының аға тергеушісі:
Қылмыскер 52 жылға темір торға қамалды. Сот үкімі құрбандардың туысқандары үшін аз да болса демеу болады деп үміттенемін.
Пышақ сатып алам дегендер алдағы уақытта екі кезеңнен тұратын қатаң тексеруден өтеді. Олар дүкенде жеке куәлігін көрсетуге міндетті, ал үйге жеткізіп беру қажет болса, курьер суық қаруды тапсырыс берген адамның қолына табыстауы тиіс.
Иветт Купер, Ұлыбритания Ішкі істер министрі:
Жасөспірімдер жасын ұлғайтып, жалған ақпарат береді. Тауарды жеткізуші көбіне пышақты есіктің алдына тастап кетеді. Бұлай жалғаспауы керек.
Үкіметтің бұл бастамаларын қолдайтындар да, күмәнмен қарайтындар да бар.
Бұдан бөлек суық қарумен жасалған қылмыс түрлерін интернет басылымдарда көрсетіп, жұртқа ақпарат тарататын желілерге де бақылау күшейтіледі. Қылмысты насихаттаған әлеуметтік желілердің иелері 10 мың фунт көлемінде айыппұл арқаламақ.
Марина Бекенова