Елімізде күніне 115 адам қатерлі ісікке шалдығады. Бұл ресми дерек. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі скринингтен уақытында өтпеген, дерті дендегенде ғана дәрігерге жүгінгендер, дейді мамандар. Қазір елімізде онкоскрининг қолжетімді. Биылдан бастап МӘМС-ке жарна төлемейтін азаматтар да скринингтен тегін өтеді. Тексерілу үшін жұмыс беруші тарапынан демалыс та ала алады.
Нұргүл Аждарова, Ұлттық ғылыми онкология орталығының бөлім басшысы:
Осы екі кезеңге бөлінген бағдарлама бір пакетке қосылғалы жатыр. Обырды ерте анықтауға бағытталған 3 түрлі скринингтен біздің азаматтарымыз тегін өте алады. Еңбек кодексіне сәйкес, әр азамат скринингке жасы сәйкес болып, өтемін десе 3 күн ақылы демалыс алуға құқығы бар.
Елімізде үш түрлі дерттің қатерлі ісігін тегін әрі ерте анықтауға болады. 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер сүт безі обырына 2 жылда бір рет тексеріліп тұруы керек. Ал жатыр мойны обырының скринингі 30 жастан басталады. 4 жылда 1 рет өту міндет. Тоқ және тік ішек ісігін диагностикалау 50 жастан басталады, әр 2 жыл сайын өту қажет. Биылдан бастап бұл тізімге өкпе обырын ерте анықтау скринингі енбек. Себебі елімізде күн сайын 6 науқас осы дерттен көз жұмады екен.
Нұртас Қалибеков, онколог дәрігер:
Осы таңға дейін өкпе бойынша тегін скрининг болған жоқ. Тек ренген-флюрография болатын. Қазір енді өкпе скринингі аз дозалы компьютерлі томография жасайды. Бұл қай науқастарға жасалады? Күніне 1 қорап темекі шегетін, жасы 55-тен асқан өзінің созылмалы өкпе аурулары болса осы скринингтен өтеді.
Аида Ахметбек
