Елімізде жыл сайын 500-ден астам бала қатерлі ісікке шалдығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жыл сайын 500-ден астам бала қатерлі ісікке шалдығады

30.01.2018

Бүгінде Астанадағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының онкология бөлімінде жүзге жуық бала ем қабылдап жатыр. Бүлдіршіндер еммен бірге сол орталықта сабақтарын да қатар алып жүр.

Ләйлә Өтегенованың осы орталықта жұмыс істегеніне он жылдан асты. Мұғалім болғанымен, қызметі мектептегіден өзгеше. Себебі, мұнда білім берумен қатар, баланың өмірге деген құлшынысын арттырып, оларды жігерлендіру керек. Онкологиялық бөлімшеде 40 бала оқиды, оның 15-і бастауыш сынып бағдарламасын меңгеруде. Балақайлардың арасында аурудың күрделігіне, еміне, жағдайына байланысты сабаққа қатыса алмайтындары да бар.

Ләйля Өтегенова, «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы әдіскері:

- Әр балаға күлкі сыйлау керек.  Бізде сабақ кезінде балалар өздерінің науқас екендерін ұмытса екен деген мақсат.

«Өмір мен өлім арасында арпалысқан балалармен жұмыс істеу оңай емес»,-дейді ұстаз. Яғни, жай мектепте тұтас сыныпқа сабақ берсең, мұнда әрқайсысына жеке-жеке уақыт бөлу керек. Сан мәрте химиялық ем қабылдағандықтан, балалар үйреткенді кейде ұмытып та қалып жатады. Ләйля Өтегенованың айтуынша, ең қорқыныштысы - бүгін сабақ берген бүлдіршінді ертең көре алмау.

Елімізде балалардағы онкологиялық ауруларды емдейтін екі ірі орталық бар. Оның бірі «Педиатрия және балалар хирургиясы» ғылыми орталығы болса, екіншісі, Астанадағы «Ана мен бала» орталығы. Осындағы балалар 6 айдан бастап 1 жарым жылға дейін емделетіндіктен, жалпы мектеп бағдарламасы бойынша оқытылады. Үлкен сыныптарға сабақ 35 минуттан болса, бастауыш сынып оқушылары үшін 25 минутқа созылады. Күніне 2-3 сабақ өтіледі.

Нойля Ешкенова, науқастың анасы:

- Жақсы көңілмен сабағын оқып, сабақтан қалмауға тырысады. Мұғалімдерге рахметіміз өте зор ата-аналардың атынан.

Былтыр онкологиялық ауру бойынша есепте тұрған 14 жасқа дейінгі балалар саны 600-ге жуықтаған. Бірінші рет ауырғаны - 346. Олардың еміне жыл сайын мемлекеттік бюджеттен 33 миллиард теңге бөлініп отырады. Алайда, бұл балақайларға  дәрі-дәрмек пен тегін емнен бөлек, ерекше ықылас қажет. Мүсіркеп, аяушылық таныту емес, қолдап, Ләйля Өтегенова сияқты   болашаққа деген сенімдерін қалыптастыру керек.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ      

Хабарламаларға жазылу