Атырау облысында 200-ден астам ғана тұрғыны бар Ескене ауылының болашағы бұлыңғыр. Елдімекенде бірде-бір әлеуметтік нысан қалмаған. Сондықтан жергілікті билік тұрғындарды облыс орталығына көшіру туралы бірнеше жыл бұрын шешім шығарған. Алайда ауыл тұрғындары үшін қалада дайын тұрған үй жоқ болып шықты. Ескенеліктердің ендігі жағдайы не болмақ? Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт анықтады.
Ауылдағы ағайынның күндегі тірлігі осы. Көгілдір отын тартылмаған, сондықтан әлі күнге дейін ағаш жарып, қи жағуға мәжбүр. Станцияда барлығы 106 үй бар. Бірақ 25-інде ғана адам тұрады. Ескене болашағы жоқ елдімекен деп танылғалы он жылдан асты.
Гүлзалия Жәниева, Ескене ауылының тұрғыны:
Енді көшіреді деп отырмыз осында. Әкімдер ауысып жатыр. Бізге уәде береді көшіреді деп. Әзірге нақты ештеңе жоқ.
Мұндағы халық қорасындағы азын-аулақ малымен жан бағып отыр. Жұмыс жоқ. Жұртта қалған ескі үй көп. Алақандай ауыл алпауыт мұнай-газ зауыттарының құрсауында қалған. Әлеуметтік нысандар атымен жоқ. Асфальт төселмеген. Интернет нашар. Жедел-жәрдемнің келуі тіпті мұңға айналған. Ауырған адам 35 шақырымдағы Доссор кентіне өз күшімен діңкелеп әрең жетеді.
Дағыстан Тәжібаев, Ескене ауылының тұрғыны:
Мақат, Доссорға көш деп тұр ғой. Мына сордан екінші сорға барғанда не пайда? Одан да қалаға дедік. Әкімшілік те жылда әйтеуір ана Талқайрандағы үй бітпей жатыр деп тұр ғой. Балалардың оқитын жері жоқ бұл жерде.
Жергілікті билік осындағы 270 тұрғынды қалаға көшіреміз деп уәде еткелі біраз жыл болған. Бірақ Талқайрандағы тұрғын үйлердің құрылысы 6 жылдан бері бітпей тұр. 2020 жылы тапсырылып халық игілігіне берілуі тиіс еді. Үш жыл тұралаған жұмыс күні кеше ғана қайта жанданды. Табиғи газ бен электр желісі тартылған. Жылу мен кәріз жүйесі енді істеліп жатыр.
Нұрболат Бөлеков, қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Үлкен қазандық құрылысы бар. Оның жобасы да қазір сараптамада. Сосын магистарлдық кәріз жүйесінің жобасы бар. Ол да сараптамада. Негізгі екі үлкен мәселе осы.
24 үйдің құрылысы аяқталса, ескенеліктерден өзге мыңға жуық тұрғын баспаналы болар еді. Жауаптылар жыл соңына дейін үйді салып боламыз деп сендіріп отыр. Бір жылға қоян терісі де шыдайды деген ескенеліктер келер жылы қалаға көшуге үмітті.
Нұрсұлтан Нұрсейіт
