Түркістан облысының Жетісай ауданында халықтың басым көпшілігі мақта шаруашылығында жұмыс істейді. Жаз бойы өсірген ақ алтынды күзде жинап, зауыттарға өткізеді. Ал зауыттағы жұмысшылар шиті мақтаны өңдеп, шетел асырады. Осынау өндіріс орындарында еңбек ететін жандар маусым кезінде уақытпен санаспай, тәулік бойы мақтаны тазартады. Еңбек адамдарының тіршілігімен тілшіміз танысып қайтты.
Асық ата кентіндегі мақта өңдеу зауытында 16 мың тонна ақ алтын жиналған. Жүзге тарта жұмысшы оны үш ауысымда өңдеп, тазартады. Жұмысшылардың бірі Жарқынбек Пантаев бес жыл көлемінде мақта түту цехында еңбек етіп жүр. Әріптестерімен бірге мақтаны біріктіріп, сыртынан сыммен орап шығады. «Жұмыстың оңайы жоқ, бірақ адал еңбектің наны тәтті» дейді бес баланың әкесі.
Жарқынбек Пантаев, жұмысшы:
Талшықтың өзінің салмағы болады. 220-230 килограмм. Мақтамен жұмыс істегеннен кейін шаң тозаңның арасында жүресің. Түнгі уақыттарда ұйқы қысатыны бар. Бірақ жалпы жұмыс қиын емес.
Ал Гүлзира Айтқожаеваның зауытта еңбектеніп жүргеніне 16 жылдай болған. Ол мақтаның орамасын жинап, тігіп, қоймаға жібереді. Өзі секілді қыз-келіншектер де тігін жұмыстарына тартылған.
Гүлзира Айтқожаева, жұмысшы:
Жұмысым өзіме ұнайды. 15-16 жыл болып қалды істеп жатқаныма. Үш ауысым болып айналымда жүреміз. Бұл жерде шапшаңдық және жылдам қимылдауды талап етеді. Жылдам қимылдамасаңыз болмайды.
Өндіріс орнында еңбек ететіндердің дені орта жастан асқандар мен зейнеткерлер. Себебі жастар жағы зауытқа жұмысқа келе бермейді, маман тапшы дейді жауаптылар. Шаң-тозаңда әрі суық жерде еңбектенгісі жоқ. Жалақысы да тұрақты емес, жылына төрт ай ғана жұмыс істейді.
Ербол Қалдаров, бас инженер:
Мамандар керек. Негізгі слесарь керек. Операторлар, машиналардың жұмысшылары керек. Ондай мамандық аз. Жас мамандарды үйретеміз. Зауыт тоқтағаннан кейін басқа жұмысқа ауысып кетеді. Жастар мәселесі, жұмысшылар мәселесі қиындау бізде.
Қазір зауытта жұмыс қарқынды. Айына 4 мың тонна мақта талшығы өңделеді. Тай мақталар қоймаларға шетінен тізіліп, жиналып жатыр. Бірер күнде Түркия мен Қытайға жөнелтіледі дейді зауыт қожайындары.
Айнұр Әбілқасымқызы
