АҚШ-тағы Потомак өзенінен 30 адамның денесі шығарылды
АҚШ-тың Потомак өзенінде болған әуе апатына қатысты тергеу жүріп жатыр. Ол бірнеше аптаға созылуы мүмкін. «Рейтер» агенттігінен соңғы келіп түскен мәліметке сай, судан 30 адамның денесі шығарылған. Жолаушылар ұшағы мен әскери тікұшақ неліктен соқтығысқаны әзірге белгісіз. Өзеннен оның сынықтары табылды. АҚШ-тың көлік министрі Шон Даффи бұл апаттың алдын алуға болатын еді деп мәлімдеді. Оның айтуынша, соқтығыспас бұрын ұшақ пе тікұшақ арасында байланыс үзілмеген.
АҚШ астанасы Вашингтонда жолаушылар ұшағы Рональд Рейган әуежайына қонарда үш сарбаз мінген әскери тікұшақпен соқтығысты. «Американ Эйрлайнс» компаниясына тиесілі «Бомбардьер» лайнерінде 64 адам болған. Төртеуі – экипаж мүшесі. Екі әуе көлігі де суға батты.
Абади Исмаил, куәгер:
Ұйықтайын деп жатқам, қатты дауысты естіп, шошып кеттім. Соғыс жүріп жатқандай әсер қалдырды. Тереземді ашып, Рейган әуежайы жағынан түтін шығып жатқанын көрдім.
Құтқарушылар өзенде мұз қатқанына, салқын желге қарамастан тірі қалғандарды табу үшін барын салды. Құлаған ұшақ бортында болған жолаушылардың қатарында АҚШ пен Ресейдің танымал мәнерлеп сырғанаушылары мен олардың жаттықтырушылары болған. Ресейлік әлем чемпиондары, ерлі-зайыпты Евгения Шишкова мен Вадим Наумов, өзге де азаматтардың осы бортта болғаны туралы ақпаратты Кремль растады.
Дмитрий Песков, Ресей президентінің баспасөз хатшысы:
Өкінішке қарай, қайғылы хабар расталды. Ұшақта басқа да жерлестеріміз болған. Бүгін Вашингтоннан осындай суыт хабар жетті. Марқұмдардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.
АҚШ президенті Дональд Трамп TruthSocial әлеуметтік желісінде құтқарушыларға алғыс айтты. Оқиғаны бақылап отырғанын мәлімдеді. Бұған қоса, «апаттың алдын алуға болатын еді» деп жазды. Әзірге әуе көліктерінің не себепті соқтығысқаны белгісіз. АҚШ-та бұған дейін 2009 жылдан бері бірде-бір жолаушылар ұшағы апатқа ұшырамаған.
Роберт Исом, Amercian Airlines компаниясының басшысы:
Бұл біз үшін өте ауыр күн. Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесімен ынтымақтасып бар ақпаратты беруге тырысамыз. Тергеу жүріп жатыр. Бүгінгі оқиға туралы бар ақпаратқа қол жеткіземіз.
Вашингтонда қала мэрі Мюриел Баузер бастаған ресми тұлғалар ұшақ апатына қатысты баспасөз мәслихатын өткізіп жатыр. Олардың айтуынша, құлаған ұшақ сынықтары Потомактың үш түрлі бөлігінен табылған. Бұған қоса, сүңгуірлер ұшақтың бір қара жәшігін алып шыққан. Ал Колумбия округінің өрт қызметінің басшысы бұл апаттан ешкім тірі қалмаған болуы мүмкін деп мәлімдеді.
Арай Төлеген
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы