АҚШ-та заңсыз мигранттарды жаппай депортациялау басталды
Трамп әкімшілігі заңсыз мигранттарды жаппай депортациялау шарасын бастап кетті. Қазірдің өзінде жүздеген адамды әскери ұшақтармен Оңтүстік Америка елдеріне жеткізіп үлгерді. Бірақ Колубия АҚШ ұшақтарын қабылдаудан бас тартқаны себепті Дональд Трам бұл елден келетін тауарларға баж салығын 25% өсіруді бұйырды. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы толықтырсын.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
АҚШ-тың көші-қон полиция мен әскерилер заңсыз мигранттарды ұстау және елден жаппай шығару процесін 3 күн бұрын бастап кетті. Бірінші кезекте қылмыс жасаған шетелдіктер елден шығарылады. Әскери ұшақтармен Гватемала, Сальвадор секілді Оңтүстік Америка елдеріне жеткізіп жатыр. Пентагон жақын күндері бес мың келімсекті депортация жасайтынын мәлімдеді. Бірақ негізгі салмақ Мексикаға түспек. Бір уақытта мыңдаған адамды қабылдау үшін АҚШ-пен шекарада уақытша шатырлар тігіліп жатыр.
Роза Айсла Родригес, Мексиканың ішкі істер министрі:
Мексика Үкіметі қайтып оралған бауырларымызға көмек көрсету үшін жедел қам жасады. Олар жалғыз емес. Шекараның бер жағында біз оларды қабылдауға дайынбыз.
Шекарадағы бақылауды күшейту үшін Техас шататында, тіпті екі ел арасындағы өзен-көлдердің ортасына қалқымалы кедергілер қойылуда. Трамп қосымша мың жарым әскериді өңірге қоса жіберді. Ал Конгресс арнайы заң қабылдап, ауыр ғана емес кішігірім қылмыс жасаған мигранттарды да сотсыз тергеусіз бірден депортация жасауға құқық берді.
Майк Джонсон, АҚШ Өкілдер палатасының спикері:
Бұл – дұрыс шешім, бұл ел үшін өте маңызды сәт. Америкалықтар талап етіп отыр және олар бұған хақылы. Олар ашық-шашық шекарадан туындаған апаттың шешілуін күтіп отыр.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Әскерилер екі күннің ішінде жүздеген мигрантты Оңтүстік Америка елдеріне жіберіп үлгерді. Алайда Колумбия АҚШ-тың әскери ұшақтарын қабылдаудан бас тартты.
Бұған ашулаған Дональд Трамп Колумбияны Американың ұлттық қауіпсіздігіне «қауіп төндірді» деп айыптап, өз үкіметіне осы елден келетін барлық тауарға бірден 25% тариф енгізуді, Колумбия үкіметінің шенеуніктеріне АҚШ-қа келуге тыйым салу және визаларын қайтарып алуды тапсырды. Әрі бұл шаралар тек басы ғана деп ескертті.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Жалпы, АҚШ-та он 1 миллион заңсыз мигрант бар. Трамп жыл сайын кемінде 1 миллион адамды еліне күштеп қайтаратынын айтқан. Алайда арзан жұмыс күшінен айырылу АҚШ-тың экономикасына үлкен соққы болып тиюі мүмкін. Bloomberg Economics компаниясының талдауы бойынша, барлық мигрантты елден шығару Американың жалпы ішкі өнімін 8%-ға азайтпақ.
Жалғас Сәдібекұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы