Басты Жаңалықтар Өзбекстанда жылыжайлардың жұмысына бақылау күшейді

Өзбекстанда жылыжайлардың жұмысына бақылау күшейді

Өзбекстанда жылыжайлардың жұмысына бақылау күшейді. Нысанның иелеріне қойылар талап қатаңдатылып жатыр. Кәсіпкерлер алдымен жылыту пештеріне ауаны тазартатын қондырғы орнатуы тиіс. Бұл атмосфераға тарайтын зиянды қалдықты азайту үшін қолға алынған шара. Алайда талапты орындап отырғандар көп емес.

Базаркүл Отыншиева, тілші:

Соңғы жылдары Өзбекстанда, әсіресе Ташкент қаласы маңында жылыжайлар саны 2 жарым, 3 есеге артқан. Олардың бәрі жылытуға көгілдір отын тапшы, әрі бағасы да қымбат. Сондықтан жылыжайлардың басым бөлігі көмір жағуға көшкен.

Жылыту пештері мен қазандықтардан шығатын қою түтіннің салдарынан қыстыкүні қалада тыныс алу қиындайды. Ауаға күкірт пен азот қосындысы көп мөлшерде тарайды. Ташкент ауа сапасының нашарлығы бойынша Орталық Азия елдері арасында алдыңғы орында. Экологтар жағдайды түзетуге барын салып жатыр.

Арнайы тексеруден соң 46 жылыжайдың жұмысы тоқтатылды. Тағы 37-нің иелеріне айыппұл салынса, 426 жылыжай иесіне ескерту берілді. Жылдар бойы жөндеу көрмеген жылыту пештері көп. Көлік шиналары мен резеңке сияқты зиянды қалдықты отын ретінде пайдаланатындар да аз емес.

Сардор Авазметов, Мемлекеттік экологиялық бақылау инспекциясының бас маманы:

Белгіленген нормаға сай, ауаға тарайтын зиянды қоспа 34 пайыздан аспауы тиіс. Алайда бізде лас қалдықтың мөлшері 50-60 пайызға дейін жетіп отыр. Өзіміз, отбасымыз бен жақындарымыз осы ауамен тыныс аламыз. Сондықтан кәсіпкерлерді мәселеге бейжай қарамай, қоршаған ортаның тазалығына атсалысуға үндеймін.

Экологтардың пайымынша, жылыжайлар түгелдей пеш мұржаларына сүзгі орнатпайынша, ауаның тазалығы туралы айтудың өзі артық. Бұл талапты кәсіпкерлер орындағысы-ақ келеді, алайда тазарту қондырғыларының құны да арзан емес.

Базаркүл Отыншиева

Бөлісу