Солтүстік Қазақстан облысында жыл сайын халық саны орта есеппен 5 мың адамға азайып барады. Өңірде туу көрсеткіші төмен, ал өлім-жітім статистикасы жоғары. Болжам бойынша 2050 жылға қарай өңірде еңбекке қабілетті адамдар саны 33 пайызға азайуы мүмкін. ҚР Парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің қатысуымен Петропавл қаласында өткен жиында теріскейдегі демографиялық мәселелер талқыланды.
Мәулен Әшімбаев пен сенаторлар 6 мыңнан астам студент білім алып жүрген Қозыбаев университетінің жұмысымен танысты. Делегация өкілдері мал, өсімдік шаруашығына арналған зертханалармен қамтылған жаңа корпусты аралады. Ерболат Әбдірайымов осы білім ордасының түлегі. Түркістанның тумасы Қызылжарда «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алған. Қазір жергілікті зауыттардың бірінде жұмыс істеп жүр.
Ерболат Әбдірайымов, «Серпін» бағдарламасының қатысушысы:
2016-шы жылы оқуға түсіп, 2020-шы жылы бітіріп, қазіргі таңда «Норд-Панель» зауытында жұмыс істеп келемін. Тұрғын үй жағынан да көмек беріліп жатыр. Бір жылдық жәрдемақы, ол да беріліп жатыр.
Халқы тығыз қоныстанған оңтүстік облыстардан жұмыс күші тапшы теріскейге мемлекеттік көш бағдарламасы жалғасып келеді. Алайда ол күткен нәтиже бермей отыр, - деді Мәулен Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
СҚО - ауыл шаруашылығы, экспорт және өндіріс саласында ерекше орын алады. Осы бағыттарды әрі қарай қарқынды дамыту үшін қосымша еңбек ресурстарына сұраныс болатынын анық. Сол себепті өңірдің одан әрі дәйекті дамуы үшін бұл мәселеге де үлкен мән беруіміз керек.
Сонымен қатар, сенат төрағасы еңбек ұжымдары, мәслихат депутаттары, ҚХА мүшелері, қоғамдық және діни бірлестіктердің өкілдерімен кездесті.
Эльмира Кәленова, тілші:
Жиында мемлекет басшысының Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы және аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын дамыту жөніндегі тапсырмаларды орындау тетіктері талқыланды. Жоспарды жүзеге асыру үшін Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысы маңызды екені айтылды.
Эльмира Кәленова