Көлікті қыздыруға 5 минут жеткілікті ме? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көлікті қыздыруға 5 минут жеткілікті ме?

23.01.2025

Жүріп бара жатқан көлік тез қызады әрі зиянды затты аз шығарады. Осылай деген Сенат депутаты Марат Қожаев автокөлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салатын норманы өзгертуді құптамады. Өйткені бұл халықтың игілігі үшін қабылданған заң дейді ол. Депутаттың пікірінше жаңа автомашиналарды ұзақ оталдырудың қажеті жоқ. Ал ескі көлікпен жүретіндер жаңасын алғанша, айыппұл төлейтінін айтты.

Марат Қожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жыл сайын көліктің техникалық сипаттамалары өзгеріп жатыр. Егер назар аударсаңыздар, заманауи көліктер Push Start құрылғысымен жабдықталған. Бұл – шығарындылар аз болуы мақсатында жасалған техникалық шешім. Қазіргі таңда жаһандық мәселелердің бірі – экология. Бұдан бөлек көліктердегі барлық заманауи майлар көлікті қыздырмай-ақ жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанда ойлап табылған жаңашылдық емес. Бұл барлық елдерде жасалған.

Қарапайым халықтың бұған қатысты пікірі қандай? Тыңдап көрейік.

5 минуттан артық қыздыруға болмайды дейді. Көшеде қаншама пробка болып тұр. Қанша ауа ластанып жатыр. Неге соны ойламайды?
Жаңа көліктің өзі 5 минутта қызып үлгермейді ғой. Мысалы, мен автооталдыруға қойып оталдырамын. Соның өзінде 20 минутта тұрып машина қызады. 5 минут дегенің миға сыймайды ғой негізі.
Мұндай аязда көлік түгіл адамның өзі қызбайды ғой. Ол май түні бойы қатып тұрған . Таңертең еш қызбайды. Жоқ дегенде 15-20 минут қызуы керек қой.
Бізде жай күнде 5 минутта жылымайды. Ал мынадай суықта тіптен мүмкін емес. Дұрыс емес деп ойлаймын.

Ал Экология министрі Ерлан Нысанбаев көлік қыздыруға 5 минут жеткілікті екенін дәлелдемек болып, сынақ жүргізді. Мұнда Нысанбаевтың көлікті оталдырып, секундомер қосып қойғанын көруге болады. Министр даладағы ауа температурасы -17 градус екенін айтты. Бес минуттан соң көлігінің жеткілікті қызғанын айтып, қозғала бастаған. Дегенмен қозғалтқыш температурасы қаншалықты көтерілгенін нақты көрсеткен жоқ.

Ішкі істер министрлігі бұл заңның 20 жылдан бері бар екенін айтады. Алайда енді ғана қызу талқыға түсіп жатыр. Ережені бұзғандар 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл арқалайды.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу