Алматыда таңнан тоқтамай жауған қар тұрғындарды біраз әбігерге салды. Қалың қардан әуе рейстері кешігіп, қала ішіндегі көлік қозғалысы қиындады. Көшелерді тазалау үшін коммуналдық қызмет күшейтілген режимге көшті. Қазір бізбен тікелей эфирге қосылған алматылық әріптесім Ернұр Медет қаладағы ахуалды айтуға дайын. Ернұр сөз өзіңізде.
Ернұр Медет, тілші:
Иә, Ләйлә таңғы 9-дан бастап жауған қар әлі тоқтаған жоқ. Қала көшелері күні бойы көлікке кептеліп тұрды. Міне қазір жұрттың жұмыстан қайтқан уақыты болғандықтан, кептеліс межесі 10 баллға жетіп, кібіртіктеген көліктер сағаттап жолда тұр. Үйне жете алмаған алматылықтар такси бағасының әдеттегідей қымбаттап кеткеніне де кейіп жатыр.
Қосымшаға кірген кезде негізі таксидің бағалары қымбат. Кәдімгі қалыпты жағдай ғой. Қар жаумаған кезде де қымбат, ал қар жауғанда одан сайын қымбаттайды.
Ыңғайсыз, әрине. Үлгере алмай жатқан шығар мына нелер. Күтіп отырмыз, машина уже 1 сағат болды менің күткеніме. Әлі жете алмай келе жатыр.
Ернұр Медет, тілші:
Қазір мегаполисті қардан тазалау үшін 600-ден астам арнайы техника мен 1,5 мың адам тоқтамай жұмыс істеп жатыр. Қалалық әкімдік көшелерді қардан аршу үш күнге, кей жерлерді тазалау бір аптаға созылады деп отыр. Айта кетейік, ауа райының бұзылуына байланысты «Алматы-Өскемен» автожолының Қонаев қаласы мен Жетісу облысының шекарасында көлік қозғалысына шектеу қойылды. Трасса ертең таңғы 09:00-ге дейін жабық. Ал Қазгидрометтің мәліметінше, алдағы екі күнде шаһарда күн -15-20 градусқа дейін төмендеп, аяз болады.
Ернұр Медет