Түркияда қонақ үйдегі өрттен қайтыс болғандар саны 76-ға жетті
Осыған байланысты ел Президенті Режеп Тайып Ердоған бүгін, яғни 22 қаңтарды аза тұту күні деп жариялады. Түркиядағы барлық мемлекеттік мекемелерде тулар төмен түсірілді. Ресми ақпаратқа сай, қайтыс болған 76 адамнан 52-сінің аты-жөндері анықталды, ал қалған 24 адамның кім екенін нақтылау үшін Анкарадағы арнайы орталықта ДНК тесті жасалады.
Өрттің шығу себебі мен кінәлілерді анықтау үшін арнайы тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. 9 адам қамауға алынған. Олардың ішінде қонақ үйдің иесі де бар. Естеріңізге салсақ, кеше түнде Ыстанбұлдан 300 шақырым жердегі Болу провинциясында Карталкая тау шаңғысы демалыс орнында бір қонақ үй өртенген еді. Өрт басталғанда ғимараттың ішінде барлығы 300-ден аса адам болған.
Әли Йерликая, Түркияның Ішкі істер министрі:
Өртенген ғимарат ішіндегі іздеу-құтқару жұмыстары толық аяқталды. Қайтыс болған 76 адамның 45-сінің денесі туыстарына берілді. Қазір арнайы тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Бұл қайғылы оқиғаға қатысы бар кінәлілер кім болса да, барлығы жазаланады. Олар әділет органдарынан ешқайда қаша алмайды.
Айдос Әшім
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
