Дональд Трамп: Американың алтын ғасыры басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дональд Трамп: Американың алтын ғасыры басталды

21.01.2025

Американың алтын ғасыры басталды. Дональд Трамп ұлықтау рәсімінде осылай деп мәлімдеді. АҚШ-тың 47-президенті ретінде қызметіне кіріскен Ақ үй басшысы мигранттарды тоқтатып, қылмыспен аяусыз күресуге және импортқа тарифті арттырып, ішкі мұнай өндірісін дамыту арқылы Американы қайта ұлы мемлекетке айналдыруға уәде берді.

Күн суытып, ұлықтау рәсімін сыртта 200 мың жақтастарының алдында өткізе алмаған Трамп елдің заң шығарушы органы Капитолидің ішінде ант берді. Жарты сағат баяндама жасап, жанында отырған Байден әкімшілігінің жұмысын жоққа шығарды. Американы енді өзгелердің пайдаланып кетуіне жол бермейтінін мәлімдеді. Ең бірінші шекараны шегендемек. Мигранттардың тасқынын тоқтату үшін Мексикамен арадағы шекарада ұлттық төтенше жағдай жариялайды.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Заңсыз кіру дереу тоқтатылады. Бірінші кезекте миллиондаған қылмыскер шетелдікті келген жеріне қайтару процесін бастаймыз. «Ұстап, оны қайта босатып жіберу» тәжірибесі болмайды. Еліміздің оңтүстік шекарасына әскер жіберіп, бұл апатты басқыншылықты тоқтатамыз. Сондай-ақ, картелді шетелдік террористік ұйымдар ретінде тану жұмысына кірісеміз.

Трамп тек мигранттарға ғана емес, ішкі өндірісті тұралатып жатқан импорттық тауарларға да тосқауыл қоймақ. Ол үшін шетелдік өнімдерге тарифті өсіретінін бұған дейін бірнеше рет айтқан. «Өз халқымызға салық салып, өзге елді байытқанша, сырт мемлекеттерге салмақты арттырамыз», - деді. Ал инфляция мен қымбатшылықты шұғыл азайту үшін ұлттық энергетикалық төтенше жағдай жариялайтынын жеткізді. Бұл елдегі қара алтын қорын жаппай өндіруге мүмкіндік бермек.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Америка қайтадан өндірістік елге айналады және бізде басқа ешбір өндірістік елде жоқ дүние бар - әлемдегі ең көп мұнай мен газ қоры. Біз мұны тиімді пайдаланамыз. Бағаны төмендетіп, стратегиялық қорымызды толтырып, ең жоғары деңгейге жеткіземіз және америкалық мұнайды әлем бойынша экспорттаймыз. Біз қайтадан бай ұлтқа айналамыз. Аяғымыздың астындағы сол «қара алтын» бізге мұны жүзеге асыруға көмектеседі.

Бұл арқылы Трамп Байденнің «жасыл» экономика бағдарламасын тоқтатпақ. Трамп мұнай қорына бай Мексика шығанағының атауын да ұнатпай жүрген. Бүгін де сол ойын бүкпесіз айтып, көп ұзамай оны «Америка шығанағы» деп өзгертеміз деп салды. Панама каналын да сөз етті. Кезінде АҚШ қомақты қаржы бөліп салған және құрылысы кезінде он мыңдаған америкалық қаза тапқан бірегей жасанды су жолын Панама елін Қытайдың басқаруына беріп қойғанын сынға алды. Сондықтан қалай екені белгісіз каналды Америка иелігіне қайтарып аламыз деп мәлімдеді. Сондай-ақ, Трамп өзінің 4 жылдық мерзімі кезінде Марсты да бағындырмақ. Ғарышкерлерді аттандырып, күн жүйесіндегі қызыл планетаға АҚШ туын тіккіземін деп отыр.

Жалғас Алтаев

Хабарламаларға жазылу