21 жастағы жігіттің ойын ойнатпағаны үшін туыстарын пышақтап тастаған оқиғасы елді дүрліктірді. Көршілері де көз алдында жүрген сыпайы жігіттің мұндай озбырлыққа барғанына сене алар емес. Күдіктінің үйінде отырып, мұндай қатыгездікке баруына психологтер қандай баға беріп отыр? Телефондағы ойындардың адам психологиясына әсері бар ма? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Өткен демалыс күндері Астана жұртын дүрліктірген қайғылы оқиға қаладағы «Достар» тұрғын үй кешенінің 5 қабатында, нақтырақ айтсақ мына №358 пәтерде болған. Міне көріп тұрғандарыңыздай есік тұтқасының жанында қанның іздері қалған. Сондай-ақ кіріп-шығуға тыйым салатын құқық қорғау органдарының ескертуі тұр.
Көршілерінің айтуынша, оқиға 18 қаңтар күні таңда болған. Дәліздегі айқай-шудан шошып оянған. Екі күн өтсе де, әлі естерін жия алмай отыр.
Қала тұрғыны:
Мен ұйықтап жатқанмын, әйелім болған оқиғаны естиді. Осында жүгірген дауысты естиді. Мен такси жүргізушісімін таңғы алтыда машинаны қыздыруға далаға шығамын. Шықсам көп адам мен полиция тұр. Әйелімді жұмысқа алып кетуге шықтық екеуіміз бірге. Машинаның фарына қан жұғыпты, оны өзім сүрттім.
Ресми ақпаратқа сүйенсек оқиғаның мән-жайы мынадай: телефонмен ойын ойнап отырған 21 жастағы жігіт бірге тұратын туысқан ағасы мен тәтесі ұйықтайық, ойыныңды доғар деген сөзіне шамданған. Ол туыстарының қалың ұйқыға кеткенін күтіп, алдымен жанында жатқан ағасының 20 жерінен пышақтаған. Одан кейін суық қаруын 19 жастағы қарындасына, артынан 50 және 60 жастағы тәтелеріне жұмсаған.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Көршілерінің айтуынша жәбірленушілердің бірі бас сауғалап осы 7-ші қабатқа келіп тығылған. Көз қанға толған 21 жастағы жігіт артынан қуып келіп тағы бірнеше рет пышақтаған көрінеді.
Жігіт аяусыз пышақтаған 4 туысының 3-еуі аман қалғанымен, ауруханада ауыр халде жатыр. Ал маңайдағы таныстары қылмысқа барған жігіттен мұндай озбырлықты күтпегенін айтады.
Қала тұрғыны:
Біздің дүкенге жиі келіп тұратын. Былай қарасаң қарапайым, сабырлы әрі тәрбиелі жігіт сияқты көрінетін. Ішімдік пен шылым сатып алғанын көрмеппін. Оқиға болған күні сэндвич пен су сатып алып кетті.
Қалалық полиция департаменітінің мәліметінше қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Диас Тоқатов, қалалық ПД Алматы ауданы Полиция басқармасының бастығы:
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша күдіктіге өзінің жақындарының ескерту жасауы себеп болған. Қазіргі уақытта толық анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Психологтің пайымдауынша, күдікті мектепте оқып жүргенде қатарластарынан немесе отбасы мүшелерінен буллингке ұшыраған болуы мүмкін. Сондықтан ол достарын виртуалды әлемнен тапқан. Оған қоса туысқандарымен қарым-қатынасы бұрыннан бұзылған болуы да ғажап емес.
Серікгүл Сәли, психолог:
Ол баланың отбасы, ошақ қасы телефон, телефонның ішіндегі ойын болып кетеді. Сіз ешқашан телефоннан алшақтата алмайсыз. Оларда күнделікті ойындарда турларды өтеді, маңызды кезеңдерді өтеді. Сондай маңызды сәтте қолынан телефонды алып алған кезде жарылды. Азамат осындай іс-әрекетке барып тұр. Бұл міндетті түрде ұзақ уақыттан бері қалыптасып келе жатқан қарым-қатынас.
Ресми ақпаратқа сүйенсек 21 жастағы күдікті мен жәбірленуші туысқандары пәтерді жалға алып тұрып келген. Көшіп келгендеріне 2-3 ай болған. Көршілері бұған дейін аталған отбасының жанжалдасқанын байқамаған. Енді істің анық-қанығын тергеуден соң құқық қорғау органдары жариялайды.
Нұрсұлтан Тілектес