Басты Жаңалықтар Ақтөбе қаласының халқы 600 мыңға жетті

Ақтөбе қаласының халқы 600 мыңға жетті

Ақтөбе қаласының халқы 600 мыңға жетті. Тек соңғы 20 жылда тұрғындар саны екі есеге өскен. Бүгін шаһар басшылығы 600 мыңыншы болып тіркелген сәбиді арнайы барып құттықтады. Еліміздегі төртінші мегаполиске айналуы тиіс облыс орталығында тұрғындар саны қалай өсіп жатыр? 

Бүгін Құрмашевтар әулетінде үлкен қуаныш. Ата-әжесінің тұңғыш немересі туыла сала шаһардағы ең танымал сәбиге айналды. Оған қала басшылығы арнайы келіп, сый-құрмет көрсетті. Бұл – жүректерге жылу сыйлаған кездесу болды. Кішкентай Мансұрдың әжесі өз кезегінде төрт қыз тәрбиелеп отырған әкімге ырымдап сәбидің иткөйлегін сыйлады.
Айсұлу Төлебаева, Ақтөбе тұрғыны:
Несібесі мол деп есептейміз. Осы туғаннан бастап осындай жаңалық болғандықтан. Болашағы зор деп ойлаймыз. Барлығымыз тырысамыз, өзіміз жағынан бәрін жасауға тырысамыз. 
Ақтөбе қаласының халқы тек 2019 жылдан бері жүз мыңға өскен. Соңғы жылдары салына бастаған «Есет батыр» және «Алтын орда» аудандарының өзінде 130 мың тұрғын бар. Одан бөлек шаһар аумағынан 54 тұрғын алабы бой көтерді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазір облыста 956 мың тұрғын бар. Оның 76 пайыздан астамы қалаларға шоғырланған.
Айбек Ғалымжанов, Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облыстық департаментінің басшысы:
1 ақпандағы халық санына күн сайын дүниеге келген сәбилер мен көшіп келгендерді қосып, қайтыс болғандар мен көшіп кеткендерді шегеріп, 600 мыңыншы тұрғын анықталды. Содан кейін сол күнгі туған, қайтыс болу, көшіп келу және көшіп кету оқиғаларын сағат сайын санап, ең жақын уақытта дүниеге келген балалардың ішінен бір бала анықталды.
Халық санының өсуімен бірге баспана мен әлеуметтік нысандар салу қажеттілігі де туындайтыны белгілі. Әр жылы шаһарда шамамен миллион шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі. Мектеп пен балабақша құрылысы да қарқынды. Жыл сайын оқушы саны 7-8 мыңға дейін өседі.
Азамат Бекет, Ақтөбе қаласының әкімі:
121 мектеп бар. Соған қоса 2025 жылы 6 мектеп есігін ашты. Сонымен қатар жыл басынан бері тағы үш мектеп ашылды. Сонымен қатар 245 балабақша болатын болса, өткен жылы 12 балабақша іске қосылды.
Ақтөбені урбанистикалық орталыққа айналдыру жобасы он жыл бұрын айтыла бастады. Мамандардың зерттеуіне сенсек, оған ірі кәсіпорындар шоғырланған, тоғыз жолдың торабында тұрған шаһардың әлеуеті молынан жетеді.
Жақсыбек Кемал, тілші:

Қала халқы ішкі миграция есебінен жылына 15 мың адамға көбейеді. Одан бөлек ай сайын 800 бала дүние есігін ашады. Бұл қарқынмен шаһар тұрғындарының саны алдағы 8-10 жылда миллионға жетуі тиіс.


Бөлісу