Екінші рет АҚШ президенті болып сайланатын Дональд Трампты ұлықтау рәсімі бүгін Астана уақыты бойынша сағат 9-да басталады. Трамп Американың 47-ші президенті ретінде ант беріп, қызметіне кіріседі. Жалпы оның өзі ғана емес, жасақтап жатқан жаңа әкімшілігі де АҚШ тарихындағы ең бай үкімет болмақ. Себебі министрлер кабинеті мен дипломатиялық корпус лауазымдарына ұсынылған кандидаттардың қатарында ұзын саны 19 миллиардер бар. Бұл халықты ғана емес, АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байденді де алаңдатып отыр. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы себебіне үңіліп көрді.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
АҚШ үкіметінде 17 министрлікті қоса алғанда 23 жоғары лауазым бар. Трамп соның 13-іне миллиардерлерді қоймақ. Мысалы, білім министрі қызметіне ойын-сауық компаниясының басшысын ұсынса, бұрынғы бизнесмен, қазіргі Солтүстік Дакота штатының мэрін ішкі істер министрі, ал хедж-қор басшысын қаржы министрі лауазымына лайық көріп отыр. Қазір сенаторлар тыңдау өткізіп әрбір миллиардердің кандидатурасын мұқият саралап жатыр. Басты сауал қалталы шенеуніктер қарапайым халықтың жағдайын қаншалықты ойлайды?
Берни Сандерс АҚШ сенаторы:
Дәл қазір Америкада 22 млн-нан астам адам сағатына 15 АҚШ долларынан кем табады, ал 40 млн адамдікі 17 доллардан аспайды. Федералдық ең төменгі жалақының мөлшері 7,25 доллар және 2009 жылдан бері өзгермей тұр. Миллиондаған америкалықты кедейлік деңгейінен шығару үшін ең төменгі жалақыны өсіру керек деп ойлайсыз ба?
Скотт Бессент, АҚШ Қаржы министрі лауазымына үміткер:
Өсірудің қажеті жоқ деп санаймын. Себебі ең төменгі жалақы мәселесін әр өңір өзі шешеді. Сондықтан федералдық деңгейде сағатына 7 доллар 25 цент болып қалғаны дұрыс.
Трамп тек үкімет мүшелерін ғана емес, Еуропадағы бірнеше маңызды елге оның ішінде Ұлыбритания мен Түркияға миллиардер достарын дипломат қылып қоймақ. Ал Францияға елші ретінде кезінде қаржылық құйтырқылықтары үшін істі болып сотталған, алайда кейін Трамп президенттік лауазымын пайдаланып кешірім берген 3 млд доллары бар құдасын жібергелі жатыр. Бірақ қоғамда ең көп талқылаған шешімі өзінің сайлауалды науқанына 200 млн доллар жұмсаған әлемнің ең бай адамы Илон Маскті үкімет тиімділігін бағамдайтын су жаңа департаменттің басшысы етіп тағайындауы болды.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Сонымен ұзын саны 20-ға жуық миллиардер АҚШ билігінің басына келмек. Салыстыра айтсақ, Байден әкімшілігіндегі лауазымды тұлғалардың бар жиған-тергені 118 млн доллар болса, Трамптың жаңа әкімшілігіне баратын бай-манаптардың байлығы бұдан 4 мың есе артық, жарты трлн долларға пара-пар. Яғни Грекия мен Хорватияның ішкі жалпы өнімдерін қоса есептегенде де олардың байлығы асып түспек. Байден де соңғы қоштасу сөзінде билікке аса бай адамдардың келіп жатқанына алаңдаушылық білдірген еді.
Джо Байден АҚШ президенті:
Мені қатты алаңдататын кейбір мәселелер туралы ескерткім келеді. Билік санаулы, өте бай адамдардың қолында болмақ. Егер билікті асыра пайдалану тоқтамаса, оның салдары орасан болуы мүмкін. Бүгінгі таңда Америкада демократияны, негізгі құқықтарымыз бен бостандығымызды және әркімнің дамуына тең мүмкіндік беретін қоғамымызды сөзсіз қатерге тігетін шексіз байлық, билік пен ықпалдан құралған олигархия қалыптасып келеді.
Джо Байденнің президент ретіндегі соңғы өсиетінің бірі байлар табысын халықпен әділ бөлісуі тиіс. Алайда өзі төрт жыл ел басқарған тұста қанша тырысса да қалталыларға салықты жетілікті көтере алмады. Ал Трамп болса керісінше, алпауыттарға салынатын корпоративтік табыс салығын 21-ден 15 пайызға түсірмек. Траптың бастамасын өзі ұсынған үміткерлер де қолдап отыр.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
АҚШ жаңа үкіметінің құрамына кіретін бұл миллиардерлердің көбінің бизнестен хабары болғанымен, мүлдем ел басқарып көрмеген не халықаралық байланыста тәжірибесі жоқ тұлғалар. Бірақ Трамп үшін бұл маңызды емес. Бұл жолы өзіне қарсылық танытпай, айтқанын екі етпей орындауға дайын команда жасақтайтынын жасырмай талай мәрте ашық айтқан.
Жалғас Сәдібекұлы