АҚШ-та TikTok әлеуметтік желісін қолдануға тыйым салынбақ
Ертең АҚШ-та TikTok әлеуметтік желісін қолдануға тыйым салынбақ. Конгресс бекіткен тиісті заңды елдің Жоғарғы соты бір ауыздан конституцияға сай деп шешім шығарды. Яғни әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салу сөз бостандығын шектеу болып саналмайды деген ұйғарым жасады. Ал жаңа заңға сай ертең әлеуметтік желі АҚШ аумағында жұмысын тоқтатуы тиіс. Қосымшаны телефонға жүктеу мүмкін болмайды. Талап бойынша TikTok алты айдың ішінде негізгі иесі қытайлық компаниядан бөлініп шығып, америкалық компанияға сатылуы тиіс болған. Бірақ әлеуметтік желі иесі бұған келіспей жоғарғы сотқа шағым түсірген. Қайта сайланған Дональд Трамп та TikTok-ты жабуға қарсылық білдіріп, Жоғарғы сотқа өтініш айтқан еді. Алайда қолдау таппады. Енді, заң бойынша президенттің әлеуметтік желі иесіне тағы үш ай уақыт беруге құқы бар. Дональд Трамп лауазымына кіріскен күні арнайы қаулы шығаруы мүмкін дейді сарапшылар. Олай болмаған жағдайда 170 миллион америкалық қолданып отырған әлеуметтік желі жұмысын толық тоқтады. Трамп бұл мәселені бүгін Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесіп талқылағанын мәлімдеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы