Былтыр Қазақстанға 15,7 млрд $ тікелей инвестиция тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Былтыр Қазақстанға 15,7 млрд $ тікелей инвестиция тартылды

17.01.2025

2025 жылы Президент алғашқы шетелдік сапарын Біріккен Араб Әмірлігінен бастады. Мемлекет басшысы Абу-Дабида инвесторлармен жүздесіп, энергетика мен көлік транзиті саласындағы ірі жобаларды талқылады. Ал былтыр бірінші борт шетелдерге 23 мәрте сапарлаған. Қасым-Жомарт Тоқаев 19 халықаралық форум мен саммитке қатысып, 27 елдің басшыларымен жүздесті. Нәтижесінде миллиардтаған доллардың келісімдеріне қол қойылды. Иә, «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Президент Қазақстан орналасқан жері, экономикалық әлеуеті және қазіргі геосаясат ахуалы тұрғысынан алғанда әлемнің көптеген мемлекеті үшін стратегиялық маңызы бар ел саналады деп атап өткен. Сонымен былтырғы Президент сапарларының қорытындысы қандай? Мемлекет басшысы биыл қандай мақсат-міндеттер қойып отыр?

Маңызды кездесулер, жаңа жобалар мен салмақты саяси қадамдар. Былтыр №1 борт 160 мыңға жуық шақырым жол жүрген. Ол жер шарын 4 рет айналып шыққанмен тең. Президент тікұшақта 245 сағат болған. Қатар, Әзербайжан, Сингапур, Тәжікстан, Моңғолия, Франция және Мажарстан елдеріне мемлекеттік сапармен, ал Италия, Ватикан, Армения, Түрікменстан және Сербияға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысы жылдың 36 күнін шетелдік сапарларға арнаған. Келіссөздердегі негізгі тақырыптың бірі – энергетика.

Қазыбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Қазақстан үшін қазіргі таңда энергетикалық өзіндік қауіпсіздік қамтамасыз ету маңызды. Осы тұрғыда, мәселен, Мемлекет басшысының Францияға ресми сапары кезінде атом энергетикасы бойынша ынтымақтастыққа қол қойылды. Былтыр атом электр стансасын салу бойынша жалпыхалықтық референдум да өткен болатын. Бұл еліміздің қазіргі таңда әлемдік энергетикалық тізбекте өзіндік энергетикалық қауіпсіздігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Ал экономикалық қауіпсіздікті нығайту үшін елімізге инвестиция тартуға көп көңіл бөлініп отыр. Орталық Азияға құйылған мол қаражаттың 60 пайызы Қазақстанға тиесілі. Жыл басында Президенттің Италияға сапары барысында ресми Риммен 18 құжат бекітілді. Франциямен 14 келісімшарт жасалды. Сондай-ақ Сингапурмен 14, Моңғолиямен 5 келісім бар. Келісімдердің ең сүбелісі – Қатарда болды. Құны 17 млрд доллардан асатын 12 құжатқа қол қойылды

Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестициялар комитетінің төрағасы:

Бұл - біріншіден, Бейнеу-Бозой- Шымкент газ тасымалдау желісінің екінші желісін бастау. Екіншіден, бұл ірі газ өңдеу зауытының салынуы. Қазір салынып жатыр. Келесі жобалар - ол газ тасымалдауды Ақтөбе мен Қостанайды жалғау. Сонымен қатар, банк саласында ірі банктың сатып алынуы және телекоммуникацияның сатып алынуы.

Барыс-келіс жеңілдейді. Еліміздің көлік-транзит әлеуетін арттыру бағытында айтарлықтай жетістіктер бар. Мысалы, былтыр ақпанда Қытайдың Сиань қаласындағы Қазақстанның көлік-логистика орталығы ашылды. Бұл - шығыс пен батыс арасындағы маңызды сауда көпірі болмақ.

Енді Будапешт пен Мәскеу маңайында да Қазақстанның құрғақ портының құрылысы басталмақ. Бұл Транскаспий көлік дәлізін дамытуға мүмкіндік береді. Білім саласындағы бастамалар да бекітілді. Қазақстанда әлемнің үздік университеттерінің филиалдары ашылып жатыр.

Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Осының бәрі бізде бейбіт заман болуы үшін. Осының бәрі біздің болашақ жастарға жол ашу үшін. Алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқуы үшін. Сонымен қатар, біз кейбір мемлекеттермен алдыңғы қатарлы оқу орындарының филиалдарын бізде ашу үшін жұмыстар жасалды. Қазірдің өзінде 10 оқу орнында сондай филиалдар ашылған. Яғни болашақта біздің жастар сол екі мемлекеттің білімін алып шығады.

Осылайша былтыр Қазақстанға қомақты қаржы тартылды. Халықаралық ЭСКАТО ұйымының дерегінше 2024 жылы біздің ел 15,7 млрд доллар тікелей шетел инвестициясын тартқан. Бұл алдыңғы жылдан 88 пайыз артық. Президент 2029 жылға қарай ел экономикасын екі еселеу міндетін қойып отыр. Ал «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында экономиканың 4 пайыздық өсімі аздық ететінін айтып, үкіметке тың тәсілдер табуды жүктеген еді. Экономистердің пікірінше, ол үшін инновация мен технологияны дамытуға басымдық беру керек.

Бауыржан Ысқақов:

Біздің мұнай-газ саласынан біз өтуіміз керек. Ауыл шаруашылығы немесе өңдеу өнеркәсібі біздің алдағы 5-10 жылдықта экономиканың драйверіне айналуы керек. Ауыл шаруашылығы минералды технологияларға өте бай, енді соны көрші Қытай, батыс мемлекеттеріне шығару үшін де біз өзіміздің ауыл шаруашылығымыз, тоқтаусыз беріліп отырған мүмкіндігіміз.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Ал өндіріс пен шаруаны көтеретін қарапайым еңбек адамдары. Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Яғни қоғамда адал еңбек, адал азамат құндылықтарын сіңіру жолындағы жүйелі істер қолға алынбақ. Ал жақында жобалық кеңседе өткен жиында ірі инфрақұрылымдық жобаларға, цифрландыруға, жасанды интеллект пен ядролық энергетикаға баса мән беріліп жатқанын айтқан. Себебі мұның бәрі – мемлекетіміздің негізгі стратегиялық даму бағыттары деді. Яғни алдағы уақыттары елімізде осы озық салаларды дамытуға басымдық берілмек.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу