Бүгін Парламент Мәжілісінде Жігіткер Байтелесовке арналған кітаптың тұсаукесері өтті. Жинақта білікті журналист, шебер ұйымдастырушы, іскер азаматтың еңбек жолы, естеліктері, мақалалары мен сұхбаттары жарияланған. Мәдениет қайраткері Жігіткер Байтелесов Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аппаратында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен. Жауапты бөлімдерді басқарған. Депутаттар мен әріптестері арасында сый-құрметке бөлінген. Кәсіби шеберлігімен ерекшеленген. Жігіткер Тумырзаұлы 2021 жылы 63 жасында өмірден озды. «Журналист болды қаламы қолдан түспеген...» деп аталатын кітаптың тұсаукесеріне Мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент Депутаттары, әріптестері мен артынан қалған ұрпағы және жары келді. Жиналғандар Жігіткер Байтелесовтың еңбекқорлығын, адалдығын, кәсіби шеберлігін айтып, естеліктерімен бөлісті.
Ирак Елекеев, мемлекет және қоғам қайраткері:
Мен депутат ретінде, екіншіден, осы аппаратта жұмыс жасағанмын. Сол кезде Жігерімізбен танысқанбыз. 83 жылы Жоғары кеңестен бастап, Парламентте жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан азамат. Қандай бағыт, қандай мәселе бүгін көтеріледі? Соның бәрін журналиске жеткізіп отырған Жігер еді.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жігіткер Тумырзаұлын мен жақсы білемін, 16 жыл бірге қызмет істедік. Өте адал, өз ісіне берік, жауапкершілікпен қарайтын азамат болды. Ең бастысы халыққа, қоғамға жеткізетін ақпараты өте сапалы, керемет әдіспен жеткізетін. Әр депутатпен жұмыс істейтін тәсілі болды. Әр депутат оған құрметпен қарады.