Ресейде қазақ тілін меңгеруге талпынған қандастардың саны артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде қазақ тілін меңгеруге талпынған қандастардың саны артты

17.01.2025

Ресейде қазақ тілін жетік меңгеруге талпынған қандастардың саны артты. Тіпті кейбір өңірдегі мектептерде қазақ тілі міндетті пән ретінде оқытылуда. Алтай республикасының Қосағаш мектебінің ұстаздары бірнеше жылдан бері қазақ тілі мен әдебиетін оқыту бойынша арнайы оқу-әдістемелік құралдар әзірлеген.

Қазақстанмен шекаралас Алтай республикасында 15 мыңға жуық қазақ бар. Соның басым бөлігі Қосағаш ауданында тұрады. Бүгінгі күні сегіз мектепте 2000-нан аса бала қазақ тілі мен әдебиетін үйреніп жүр.

Серікжан Қыдырбаев, Қосағаш ауданының әкімі:

Біз енді 1-4 сыныпқа дейін қазақ тілі кітабын жасап алған соң, қазақ тілінде оқытамыз. 5-9 сыныпқа дейін бізде факультатив. Менің ойымша, бұл уақытша.

Осы Қосағаш ауданында қазақ тілінен сабақ беретін отызға жуық мұғалім бар. Білікті мамандар бірнеше жыл бойы ізденіп, қазақ тілі оқулықтарын шығаруға атсалысты. Омбы облысындағы 11 мектептің оқушылары да қазақ тілі мен әдебиеті пәнін осы кітаптармен оқиды. Түмен облысындағы қандастар да осы оқулықтарды пайдалануда.

Жәния Мұсахаева, оқушы:

Мен 4-сыныпта оқимын. Өзім қазақ тілін үйренгім келді, себебі атам мен әжем қазақша үйрететін. Қазақ тілі - менің ана тілім. Болашақта Қазақстанға көшіп барғым келеді, сол үшін қазақ тілін үйреніп жатырмын.

Осыған дейін қазақ тілін мектептерде міндетті пән ретінде оқытуға Ресейдің білім стандарттарына сай келетін оқулықтың жоқтығы кедергі келтіретін. Енді сол талапқа сай келетін жаңадан шыққан оқулықтар Ресейдің өзге де өңірлеріне таратыла бастайды.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу