Ұлыбританияда кәсіпкерлерге салынатын салық көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда кәсіпкерлерге салынатын салық көбейді

15.01.2025

Ұлыбритания билігі бюджет тапшылығының орнын толтыру үшін бизнес өкілдеріне салынатын салық көлемін көбейтпек. Кәсіпкерлер қаржылай дағдарысқа ұшыраймыз деп дабыл қағуда.

Биліктегілер биыл әрбір жұмысшының Ұлттық сақтандыру қорына төленуі тиіс әлеуметтік қамсыздандыру салығының көлемін өсірмекші. Ол қатардағы қызметкердің емес, жұмыс берушінің қалтасынан төленеді. Кәсіпкерлер бұл бізге қосымша шығын деп налып отыр.

Ричард Моглиани, паб иесі:

Тіпті келушілер қыдыруға жұмсайтын шығынын азайтты. Қалай күн көреріміз белгісіз.

Сауалнамаға сәйкес кешкі ойын-сауық бизнесіндегі кәсіпкерлердің 90 пайызы ірі қаржылық қиындықтарға тап болғанын айтқан. Респонденттердің 40 пайызы шұғыл қолдау көрсетілмесе, алдағы жарты жылда кәсібімізді дөңгелете алмаймыз деп отыр.

Нил Инсалл, қаржылық кеңесші:

Басқа елдермен салыстырғанда әлеуметтік қамсыздандыру шығындары салыстырмалы түрде төмен болып келді. Бірақ жұмыс берушілер енді қосымша салық төлейтін болса, кәсіпкерлердің жағдайы нашарлайды.

Бұл аздай мұра салығы бойынша жеңілдіктер де жойылады. Зейнетақы жинақтарының және шаруашылық жерлердің мұрагерлері де салық төлеуге міндеттелмек. Активтері мен акцияларын сатқандар да шығынға батады. Осылайша үкімет бюджеттің жыртығын жамау үшін салықты 30 жылда болмаған деңгейге, яғни 40 миллиард фунтқа арттырып отыр.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу