Риэлторлар қызметінің құны қымбат. Алайда олардың қызметін ешкім қадағаламайды. Сондықтан, арасында алаяқтар да болуы мүмкін. Тұтынушы шарт жасағанда нені ескеруі керек? Риэлторлар қызметі қашан реттеледі? Толығырақ тілшіміз баяндайды.
61 жастағы Астана тұрғыны Татьяна Геннадьевна баспанасын сатпақ болып, риэлторлардың қызметіне жүгінген. Алайда пәтер сату мен сатып алу ісінде делдал қызметінде жүргендердің талабы көңілінен шықпаған.
Татьяна Геннадьевна, қала тұрғыны:
Келісімшартты оқымай, қол қою керек. Одан кейін өз пәтерімді өз бетімше сата алмайды екенмін. Делдалдар сатуға әрекеттенген де жоқ. Егер мен үйді өзім сатсам, құжатқа қол қойғандықтан, бәрібір ақысын төлеймін. Ол 450 мың теңге. Тым қымбат. Жаңа пәтер іздесем, бәрін риелторлар алып алған. Оған да жарты миллион сұрайды. Сатушымен тікелей байланысу мүмкін емес.
Яғни, пәтер иесі келісімге қол қойса, риэлторсыз сата алмайды. Төлемді екі жақтан да талап ететіні тағы бар. Бұл мәселе мәжілісте де көтерілген. Депутат Олжас Құспековтің айтуынша, елімізде риэлторлық қызметті бақылайтын құзырлы орган жоқ. Сондықтан саланы реттейтін мекеме болуы керек. Әрі делдалдар тапқан табысына есеп беріп отыруы тиіс дейді депутат.
Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Риэлторлық қызметті қатаң мемлекеттік реттеу, лицензиялауды енгізу, этикалық кодексті қатаң сақтау, болашақ риэлторлардың жеке басын және қылмыс жасаған-жасамағанын тексеру қажет. Сондай-ақ оларға жүйелі бақылау орнату және тиісті органдарға қызметі туралы тұрақты есеп беруді талап ету керек.
Риэлторлар қауымдастығының президенті де осындай тұжырымда. Дегенмен, риэлторлар қызметінің механизмдерін қалыпқа келтіріп, мамандарды лицензиялау бағытында жұмыстар басталып кеткен.
Лариса Степаненко, Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығы президенті:
Биыл бұл салада өзгерістер болады. Риэлторлық қызметті мемлекеттік реттеуді белгілеу, лицензиялауды енгізу, риэлторларды міндетті оқытуды және біліктілік емтихандарын тапсыруды енгізу қарастырылып жатыр. Сондай-ақ қызмет ақысына да қатысты өзгеріс болуы мүмкін.
Ал 10 жылдан бері жылжымайтын мүлік нарығында жұмыс істейтін Инабат Мұқажанова азаматтарға ресми тіркелген риэлторлық агенттіктерге жүгінуге кеңес береді. Елімізде олардың саны 70 тен асады. Ал тұтынушыны алдап, қалтасын қағатындар көбіне ресми тіркеуі жоқ делдалдар.
Инабат Мұқажанова, жеке кәсіпкер, риелтор:
Олар айына 3 млнға дейін табыс таба алады. Жалақысы жақсы деп салаға келіп жатқан адамдар көп. Қомақты ақша табам дегендер кейде келісімшартты түсіндірмеуі мүмкін. Шарт жасар алдында тұтынушы сақ болғаны дұрыс.
Үкімет бүгінде риэлторларға қатысты заңнамалық түзетулерді қарастырып жатыр. Делдалдық қызметі үшін алған төлемнен салық жинау үшін арнайы режим енгізу де қарастырылуда.
Динара Жарқынбек
