Лос-Анджелестегі өрт аумағы екі есеге ұлғайды
АҚШ-тың Лос-Анджелес маңындағы өрт ошақтары екі есе көбейіп, тілсіз жаудан қаза тапқандар саны артты. Тағы он мыңдаған адам үйлерін тастап жан сауғалауға мәжбүр.
Алып шаһар үш күннен бері алапат өртпен күресіп жатыр. Бірақ әзірге оны тоқтатуға қауқары жетпей тұр. Өрт ошақтары кеше ғана үш жерде болса, бүгін саны алтыға жетті. Тілсіз жау 12 500 гектар жерді тып-типыл етіп қана қоймай, он мыңға жуық нысанды шарпыды. Көбінің қаңқасы ғана қалды. Оның ішінде АҚШ-тағы атақты адамдар мен холливуд жұздыздары тұратын аудандағы талай үй үйіндіге айналды.
Біләл Тухи, жеке кзетші:
Екі, үш күн бұрын ғана бұл әдемі жер еді. Бірақ бүгін түтін бықсып жатыр. Түгі қалмай өртеніп кетті. Қымбат көліктер де зәулім үйлер мен қымбат заттар күлге айналды. Бұл маған Ауғанстанды қайта еске салады. Өте өкінішті жағдай.
Қазірдің өзінде 180 мың тұрғынға қауіпсіз жерге кету туралы ескерту жасалған. Тағы екі жүз мың адамға қауіп төніп тұр. Себебі алдағы екі күнде жел қарқыны қайта күшейе түседі дейді метеорологтар. Ал Лос-Анжелесті торлаған қою түтін адамдардың денсаулығына әсер етіп жатыр.
Афиф Әл-Хасан, АҚШ өкпе аурулары қауымдастығының өкілі, дәрігер:
Егер өрт тек табиғи заттарды жағып, соның түтіні тараса, одан зиян басқаша болады. Бірақ қазір адам қолымен жасалған заттар, нысандар өртеніп жатыр. Олардан бөлінетін химиялық заттар адам өкпесіне кетіп, қанға өтеді. Бұның зияны орасан зор.
Жұрт жан сауғалап жатқанда, үй тонаушылар көбейген. Лос-Анжелес мэриясы 20 адамның ұсталғанын хабарлады. Сондықтан жергілікті билік халық эвакуацияланған аудандарда комендаттық сағат жариялауды көздеп отыр.
Жалғас Сәдібекұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы