Түркістан облысының 8 ауданында білім бөлімінің қызметкерлері 12 млрд теңге көлемінде қаржы жымқырған. Облыстық прокуратура мен экономикалық тергеп тексеру департаментінің қызметкерлері аса ірі көлемде қаржы ұрлаған 165 адамға қатысты тергеуді аяқтап, қылмыстық істерді сотқа өткізді. Қазір алты ауданның білім саласы қызметкерлеріне қатысты сот отырысы өтуде. Сауран ауданы бойынша алғашқы сот үкімі шықты. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:
Түркістан қалалық соты Сауран ауданының бөлім басшысы мен есепшісін жеті жылға бас бостандығынан айырса, тағы екі есепші жеті жылдан шартты жаза арқалады. Оларға білім беруге бөлінген 29 млн теңгені жымқырған, деген айып тағылып, сот барысында кінәлары дәлелденді.
Жетісай мен Шардара ауданының білім бөлімі қызметкерлеріне қатысты іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралуда. Өйткені қылмыс санатының ауырлығы мен айыпталушылар санының көптігіне байланысты сот алқа билердің қатысуымен өтіп жатыр. Мәселен Жетісай ауданы бойынша айыпталушылар саны 46 адам болғандықтан, сот отырысы спортзалға ауыстырылған. Тергеу барысында бұл ауданда 4 млрд теңгеден аса қаржы ұрланғаны анықталған.
Нұрғали Бейімбетов, Түркістан облыстық прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары:
Білім саласындағы жымқыру фактілеріне негізінен сол білім бөлімдерінің басшылары, бас есепшілері, есепшілер және де экономистер кейбір істер бойынша жауапкершілікке тартылған. Жалпы осы 8 іс бойынша 140-тан астам адам күдікті ретінде танылып, қазіргі таңда соттың тергеуінде.
Шардара ауданы бойынша қылмыстық іс 730 томнан асты. 14 адам айыпталушы деп танылған. Ал Мақтаарал ауданында 44 адамға айып тағылса, Келес ауданында 24, Сарыағаш пен Созақ аудандарында 15 адамнан жауап алынуда. Құзырлы орган өкілдері барлық қылмыстардың бірдей негізде жасалғанын айтады. Яғни мектептегі үнемделген ақшаны бас пайдаларына жаратқан.
Олжас Мүсілім, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқарма басшысының орынбасары:
Бухгалтер болып қызмет атқарып жүріп, сол мектеп саласында жұмыс істейтін мұғалімдердің тұсына өздерінің таныстарын, жақындарының ЖСН мен карточкалық счетын жазу арқылы ақшаны аударып отырған. Соны өздері қолма қол шешіп отырған.
Қазіргі таңда айыпталушыларға күзетпен ұстау және үй қамаққа алу шарасы қолданылған. Жеңіл ақшамен алынған дүние мүліктеріне тыйым салынып, мемлекеттің қаражаты ішінара қайтарылуда.
Ақбұлан Салыбекұлы, Түркістан облыстық прокуратурасының басқарма бастығы:
12 млрд теңге жымқырылған болса, соның тергеп тексеру барысында 1,4 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылды. Күдіктілерге тиесілі 2,6 млрд теңгені құрайтын мүлікке тыйым салынды.
Бәйдібек ауданында 18 күдіктіге қатысты қылмыстық іс аяқталып, сотқа өткізілмек. Қазір күдіктілер айыптау актісімен танысып жатыр. Барлық айыпталушыға тағылған бап бойынша қылмыстары дәлелденсе жеті жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Айнұр Әбілқасымқызы