БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жаңа мүше-мемлекеттердің туын орнату рәсімі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жаңа мүше-мемлекеттердің туын орнату рәсімі өтті

08.01.2025

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жаңа мүше-мемлекеттердің туын орнату рәсімін өткізді. Бұл салтанатты рәсім еліміздің бастамасымен 7 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Әр жылдың алғашқы жұмыс күні Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі болған елдер осылай туын арнайы тұғырға орнатады. БҰҰ-ның штаб-пәтерінде өтетін салтанатты рәсім 2018 жылы Қазақстан бастамасымен енгізілген. Оны ұйым мүшелері бірауыздан мақұлдап, Қауіпсіздік Кеңесінің жыл сайынғы дәстүрі ретінде бекіткен. Содан бері 7 жыл бойы Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі осы маңызды шараны ұйымдастырып келеді.

Қайрат Омаров, Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

Бұрын бұл елеусіз өтетін жәй ғана техникалық рәсім болды. Қазақстан қауіпсіздік кеңесіне мүше мемлекеттерді құрметтей отырып, оны сыйлы рәсімге айналдырды. Бұл біз жыл сайын ұйымдастырып отырған 8-рәсім.

Бұл жолы 2025-2026 жылдарға кеңеске сайлаған жаңа 5 мемлекет Дания, Грекия, Панама, Пәкістан және Сомалидің тұрақты өкілдері Қауіпсіздік Кеңесінің залы алдында өздерінің ұлттық туын қойды. Жаңа дәстүр енгізілгеннен кейін бұл бұқаралық ақпарат құралдары мен БҰҰ-на мүше елдерінің өкілдері қатысатын ауқымды ресми шараға айналды.

Элой Альфаро Де Альба, Панама Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

Осы символикалық әрі маңызды рәсімді ұйымдастырғаны үшін Қазақстанға алғысымды білдіремін. Бұл күні біздің туымыз Қауіпсіздік Кеңесінде ресми түрде орын алып, әлем ауыр сынақтарды бастан өткеріп жатқан уақытта халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті алға жылжыту және сақтау жауапкершілігін қабылдағанымызды білдіретін басты белгіге айналды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде 5 тұрақты және 10 тұрақты емес мүше мемлекет қызмет атқарады. Соңғылары жыл сайын БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 2 жылдық мерзімге сайланып отырады. Қайрат Омаров биылғы жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік осы кеңестегі елдердің ұстанымдары мен қабылдайтын шешімдеріне байланысты болатынын еске салды.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу